Шығыс Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылмақ
Шығыс Қазақстан облысында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа оңалту және дамыту орталығы ашылады. Бұл жоба өңірдегі инклюзивті қолдау жүйесін дамытуға бағытталған және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда жүктеген тапсырмалары аясында жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталмыш мәселе ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Ұлан ауданының әкімі Айдын Бекбосыновпен, сондай-ақ «Baquatty aimaq qory» қорының өкілдері Гүлнұр Абельдинова мен Айдар Еркіновамен өткен жұмыс кездесуінде талқыланды.
Бұл орталық Бозанбай ауылында орналасқан «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсетудің аумақтық орталығы» ғимаратында ашылады. Қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, арнайы мамандандырылған кабинеттер ашу үшін бос тұрған амбулаториялық бөлмелерді қайта жабдықтау мәселесі де қарастырылуда.
Бұл бастама өңірдегі ата-аналар үшін қуанышты жаңалық. Себебі, енді аутистік спектр бұзылыстары мен өзге де ерекше қажеттіліктері бар балалар білікті мамандардың қолдауына жергілікті жерде, ыңғайлы жағдайда қол жеткізе алады. Жоба әлеуметтік жағынан маңызды ғана емес, сонымен қатар отбасыларға үлкен үміт сыйлайтын қадам болмақ.
Материал ШҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметтері негізінде әзірленді








