#БалаларҮні республикалық челленджіне қатысуға шақырады
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында, 27 мамыр мен 1 маусым аралығында әлеуметтік желілерде #БалаларҮні республикалық челленджі өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Игі бастама балалармен ашық диалог мәдениетін дамытуға, олардың құқықтарын қорғауға қоғам назарын аударуға және балалардың өзекті мәселелерді еркін талқылауға қатысуын ынталандыруға бағытталған.
Челлендждің негізгі мақсаты – балаларға өз ойларын ашық айтуға, олардың дауысының естілуіне мүмкіндік беру, сондай-ақ мектеп пен қоғамдық ортаны жақсартуға белсенді қатысуына жол ашу.
Бастамаға еліміздің барлық өңірлеріндегі балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Ол үшін қатысушылардан ұзақтығы 1 минуттан аспайтын бейнежазба немесе мәтінмен толықтырылған фотопост ұсыну сұралады. Жауап мына сұрақтардың біріне арналуы тиіс:
• Өз мектебіңде, қалаңда немесе еліңде нені өзгерткің келеді?
• «Сенің үнің естіледі» дегенді қалай түсінесің?
• Қазақстандағы балалардың болашағын қалай елестетесің?
• Арманыңдағы мектепті сипаттап жаз немесе суретін сал.
Жарияланымдар әлеуметтік желілерде #БалаларҮні хэштегімен орналастырылады. Ең үздік идеялар өңірлік және республикалық деңгейде қолдау тауып, кең аудиторияға ұсынылады.
Челлендж «Бала үні» тақырыптық күні аясында ұйымдастырылып, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған онкүндіктің бір бөлігіне айналып отыр.
#БалаларҮні — әр баланың дауысы естілетін ашық алаң.