Зайсан жаңғыру жолында: қызу құрылыс нәтижесі ауданға тың тыныс бермек (видео)
Шекара шебіндегі тарихы терең Зайсан өңірінің соңғы жылдары тынысы кеңейіп, тіршілігі түлей түсті. Елді мекендердің ажары кіріп, инфрақұрылым жаңарып, әлеуметтік салаларда айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Әсіресе, ағымдық жылда құрылыс пен білім саласында үлкен бетбұрыс бар. Биыл Зайсан ауданында жалпы құны 1,8 млрд теңгеден асатын 13 жоба жүзеге асуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жобалар ішінде халыққа тікелей қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардың саны басым. Бұл тек сандар мен жоспарлардың жиынтығы емес – бұл аудан халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.
Зайсан қаласында бой көтеріп жатқан 18 пәтерлі тұрғын үй – ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған отбасылар үшін зор қуаныш. Бұл құрылыс баспанамен бірге үміт сыйлап отыр.
Сонымен қатар қазіргі таңда 6 әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Олардың қатарында білім беру мен денсаулық сақтау саласына қатысты жобалар бар. Ауылдық жерлерде мәдениет үйлерін жаңғырту мен фельдшерлік пункттердің ашылуы – шалғайдағы ағайын үшін аса маңызды.
Білім саласына келсек, Зайсанда соңғы жылдары 300 орындық жаңа мектеп салынды, төрт ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл бұл серпін жалғасып, Жарсу ауылында мектептің спорт корпусы, Үлкен Қаратал ауылында жаңа мектеп, Зайсан қаласындағы Заречное шағын ауданында 300 орындық, Саржыра ауылында 50 орындық мектеп салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, 3 білім беру нысанын ағымдағы жөндеуге 49,3 млн теңге, 5 пәндік кабинет сатып алуға 62,5 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда 4 кабинет толық орнатылып, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда.
Облыс әкімі осы жұмыстардың ел болашағына салынған сенімді іргетас екенін ерекше атап өтті.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан халқымен бұл жолғы кездесуінде білім беру саласының маңызын айрықша атап өтіп, мектепке дейінгі тәрбиені кеңейту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін белсенді пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ, мектептердің құрылысын жыл соңына дейін толық аяқтап, барлық жөндеу жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу қажеттігін баса айтты.
Айта кету керек, ауданда жол құрылысы да қарқын алған. Биыл 9 ауылда жол жөнделіп, елді мекендер арасындағы қатынас жақсара түсуде.
Видео: Жәнібек Ырысбай