KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность жел 3 м/с, В
502.57 591.68 6.42

Дарынды ұрпақ – ел мерейі: ШҚО-да топ жарған таланттарды аймақ басшысы құттықтады (видео)

1.06.2025, 12:00 406 Кайсанова Инабат

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Өскемен қаласында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов дарынды оқушылармен кездесті. Бұл – республикалық және халықаралық олимпиадаларда, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауларда жүлделі орын алған шәкірттердің мерейін өсірген ерекше сәт болды.

Мерекелік шара Республика алаңында өтті. Оқушылардың ғылыми жобалары мен шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылып, облыс әкімі олардың жетістіктерімен танысты. Жас дарындар өз жобаларын мақтанышпен таныстырып, жаңалықтарының мазмұнын, жұмыс тәсілдерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, біздің балалар мен жастар – өте дарынды. Сіздер осыны нақты нәтижелеріңізбен дәлелдеп отырсыздар. Жас қазақстандықтардың табысына бүкіл әлем тәнті. Талантты ұрпақ – ұлттың, мемлекеттің мақтанышы. Біз сіздермен мақтанамыз, табыстарыңызды жіті қадағалап отырамыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Былтырғы оқу жылында шығысқазақстандық оқушылар 185 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 22 алтын, 67 күміс және 96 қола. Табиғи-математикалық бағыттағы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша облыс командасы «Үздік олимпиадалық команда» аталымында республикадағы үш үздік құраманың қатарына енді. Сонымен қатар ауыл мектептеріне арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада ШҚО командасы жаратылыстану-математика бағытынан үздік деп танылды. Бұл – өңір үшін үлкен жетістік.

– Әр жетістік – тек сіздердің ғана емес, сонымен қатар сіздерді тәрбиелеген ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың, жалпы облысымыздағы білім беру жүйесінің жүйелі жұмысының жемісі. Сіздер өңіріміздің атын шығарып, қатарластарыңызға үлгі болып жүрсіздер, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында дарынды оқушыларға облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды. Бұл – олардың білім мен мәдениеттің дамуына қосқан үлесіне көрсетілген құрмет пен қолдаудың белгісі.

– Мұндай кездесу біз үшін дәстүрге айналды. Бұл – оқу жылының қорытындысы іспетті. Облыс оқушылары халықаралық және республикалық деңгейдегі беделді зияткерлік, шығармашылық олимпиадалар мен спорттық жарыстарда өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Биылғы оқу жылында 185 медаль олжалады. Бұл – жыл сайын жүйелі жүргізілетін қолдау мен жұмыс нәтижесі, – деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.

Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу