Халықаралық олимпиада жеңімпаздары ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа түсе алады
Фото: t.me/aimagambetov
Соңғы жылдары жас ғалымдар мен таланттарды қолдау мәселесі қоғамның басты назарында. Бұрын халықаралық олимпиада жеңімпаздары мемлекет тарапынан гранттар мен ақшалай сыйақылар алатын болса, ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мұндай қолдаудан тыс қалған еді. Енді бұл жағдай өзгермек, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаттарының бастамасы бойынша, енді халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары да ҰБТ тапсырмай-ақ еліміздегі кез келген университетке грантпен түсе алады. Бұл шешім талантты жастардың білім алуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, депутаттар жас ғалымдарға ақшалай сыйақылар беру мәселесін де көтеріп, 5 миллион теңгеге дейінгі қаржылай қолдауды қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатыр.
Білім саласының дамуына ерекше көңіл бөлген Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дарынды балаларды қаржылай қолдаудың қажеттілігін атап өтті. Асхат Аймағамбетов жас ғалымдар мен таланттарды қолдау үшін меценаттарды да белсенділік танытуға шақырды. Оның айтуынша, спортшыларды қолдау секілді жас ғалымдарға да назар аудару қажет, өйткені дәл осы жастар елдің болашағын қалыптастырады.
2019 жылдан бері дарынды балаларды қолдау үшін мемлекет көп жұмыс атқарып келеді. Бұл бағыттағы жетістіктер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Жаңа заңнамалық өзгерістер дарынды балалардың, оның ішінде халықаралық ғылыми жарыстар мен байқаулар жеңімпаздарының, құқықтарын кеңейтуді көздейді. Бұл өзгерістер білім мен ғылым саласындағы теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.