KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

Әдемілік құны: косметология саласындағы тұтынушы құқығын білесіз бе?

2.06.2025, 17:30 2 449 Гульжан Мусина

Қазіргі таңда сұлулық салондары мен косметологиялық қызметтерге сұраныс артып тұр. Бет күтімі, теріні жасарту, түрлі процедуралар – барлығы адамды әдемі етіп көрсетуге бағытталған. Бірақ бұл қызметтердің бәрі бірдей тұтынушыға сұлулықпен бірге сенімділік сыйлай ма?

Жуырда Шығыс Қазақстан облысында орын алған жағдай осы саладағы қауіптерге тағы бір мәрте назар аудартты. Мамыр айында облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бір әйел адам косметологиялық клиникаға байланысты шағым түсірген. Оның айтуынша, ол жалпы сомасы 970 000 теңгені құрайтын абонементті бөліп төлеу арқылы рәсімдеген. Бірақ келісімшартты толық оқып үлгерместен, психологиялық қысыммен құжатқа қол қойып жіберген. Сол күні-ақ ойын өзгертіп, қызметтен бас тартқан. Алайда клиника оған 15% (яғни 145 500 теңге) көлемінде айыппұл ұстап қалған. Ең сорақысы – ешқандай қызмет көрсетілмеген!

Сұлулық қуған әйелдің бұл оқиғасы «көрікті көріп, келісімшартты ұмытпа» деген ескертуге айналды. Себебі мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Департамент мамандары мұндай жағдайда тұтынушы өз ақшасын талап ете алатынын, алайда келісімшартқа қол қоймас бұрын аса мұқият болу керектігін ескертеді.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұсынатын үш маңызды кеңес:
    1.    Келісімшарттың әр жолын оқыңыз. Тіпті ұсақ қаріппен жазылған бөлімдер де болашақта маңызды рөл ойнауы мүмкін.
    2.    Психологиялық қысым мен жарнамалық уәделерге сеніп қалмаңыз. «Бүгін қол қойсаңыз, жеңілдік аласыз» деген ұсыныстар көбіне тұтынушыны асықтырып, ойлануға мүмкіндік бермейді.
    3.    Клиниканың беделі мен заңды тіркелуін тексеріңіз. Лицензиясы бар ма, қызметкерлері білікті ме – мұның бәрі сіздің қауіпсіздігіңіз үшін маңызды.

Егер сіз де тұтынушы ретінде құқықтарыңыз бұзылды деп есептесеңіз, E-otinish ақпараттық жүйесі арқылы немесе 8 (7232) 26-72-07 нөміріне қоңырау шалып, тиісті органдарға шағымдана аласыз.

Сұлулық іздеу – табиғи ниет. Бірақ ақшадан ғана емес, жүйкеңізден де айырылып қалмау үшін әр келісімге саналы түрде барыңыз. Өз құқығыңызды біліп жүріңіз – бұл ең үздік қорғаныш.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу