Тұтынушы құқығы: ұсынылмаған қызмет үшін төленген ақы қайтарылды
depositphotos.com
Тұтынушы құқығы әрқашан сақталуы керек, ал олардың бұзылуы заң аясында қорғалуға тиіс. Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті түрлі дауларда көмек көрсетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәселен, былтыр сәуір айында аталған департаментке тұтынушылардың бірі жүгініп, жеке кәсіпкерден 2 үйді жалға алу туралы өтініш білдіргенін, іс-шара 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Бұқтырма су қоймасында өткізілуге тиіс болғанын хабарлайды. Жалға алудың жалпы құны 1 185 000 теңге болған, оның 592 500 теңгесі алдын ала төлем ретінде жеке кәсіпкердің банктік шотына аударылған.
11 шілде күні тұтынушы жеке себептеріне байланысты бара алмайтынын хабарлап, алдын ала төленген қаражатты қайтаруды сұрайды. Жеке кәсіпкер болса, екі үй жалға берілген жағдайда ғана қаражат қайтарылатынын түсіндірді. Алайда кейін кәсіпкер үйлерді жалға бере алмағандықтан, ақшаны қайтарудан бас тартты.
Жеке кәсіпкер ерікті түрде ақшаны қайтару туралы сотқа дейінгі шағымда тек 80 мың теңгені қайтаруға дайын екенін білдірді, бірақ тұтынушы бұған келіспеді. Сонда сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті тұтынушыға «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заң мен Азаматтық кодекске сүйене отырып, өзінің заңды құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуді ұсынды.
Тұтынушы Өскемен қалалық сотына арыз беріп, сот оның арызын қанағаттандырып, 592 500 теңге ақшалай қаражатты жеке кәсіпкерден өндіріп алу туралы шешім шығарды. Алайда жеке кәсіпкер бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым берді. Апелляциялық сот бұл шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
Соттың екі отырысында да департамент тұтынушының құқығын қорғау мақсатында үшінші тұлға ретінде қатысып, талап арызды қарауға қатысты.
Егер сіз тұтынушылық құқықтарыңызды қорғау бойынша кеңес алғыңыз келсе, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне (Өскемен қ., Крылов к-сі, 114, 8/7232/267207 телефоны) хабарласа аласыз.