Табиғатқа тағзым: Театр маңын түлеткен үш жүз көшет отырғызылды - Өскемен
5 маусым — Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні Өскеменде ерекше сипатпен өтті. Қалада экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі – облыстық драма театры аумағында өткен ағаш отырғызу акциясы. Бұл игі бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының аясында жүзеге асты. Шара барысында театр маңында үш жүзден астам көшет егілді, жас шыбықтарға су құйылып, арнайы күтім жасалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбекұлының айтуынша, аталған шара – қаланы көркейтуге бағытталған кешенді жұмыстардың бір бөлігі. Оның айтуынша, бұл жолғы көгалдандыру жұмыстарына «Жасыл ел» жобасының жастары, еңбек жасақтарының сарбаздары мен эко-волонтерлер белсенді атсалысқан. Театр төңірегінен бөлек, №21 шағын аудан мен Карбышев көшесі бойында да көшет отырғызу жалғасып жатыр. Жас көшеттер тамыр жайып, енді бір-екі жылда театр айналасында жайқалған аққайыңдар мен теректердің саясы пайда болмақ.
Акцияға қатысушылардың қатарында мектеп оқушылары мен колледж студенттері де бар. Солардың бірі – Салтанат Бақытжанқызы бұл бастамаға үшінші күн қатарынан қатысып жүргенін айтты. Ол өз сөзінде бұл шараның экологияны жақсарту мен жастарды еңбекке баулуға бағытталғанын атап өтті. Қатарлас достарымен бірге жас көшеттерді отырғызып, айналаны көркейтуге үлес қосып жүргенін мақтанышпен жеткізді. Ал 11-сыныпқа көшкен Анатолий Семибратов бұл игілікті іске төрт күннен бері араласып жүргенін айтып, дәл осы күні – Экологтар күні – табиғатқа қамқорлық танытуды өз парызы санағанын жеткізді.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бүгінде еліміздің барлық өңірінде қарқынмен жалғасуда. Оның негізгі мақсаты – экологияны жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және жасыл экономика қағидаттарын ілгерілету. Ресми деректерге сүйенсек, ел көлемінде жүз мыңнан астам адам аталған акцияға қатысып жатыр. Оның ішінде елу мыңнан астамы — «Жасыл ел» сарбаздары мен ерікті жастар. Биылғы жазда республика бойынша 1 миллионнан астам көшет отырғызылып, 50 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналады деген жоспар бар.
Экологтар күнінде бастау алған бұл шаралар табиғатқа деген жанашырлықты арттырып, қоғамның экологиялық санасын күшейте түсті. Ал белсенділік танытып, маңдай терімен еңбек етіп жүрген жас буын — ел болашағына деген үміт пен сенімнің тірі дәлелі. Ағаш еккен – болашақты еккен.
Фото: Жібек Нұрахмет












