Интернеттегі қауіпсіздік: бала өзін қалай қорғауы керек?
Фото: istockphoto.com
Қазіргі кезде интернет – балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ онлайн кеңістікте тек пайдалы контент қана емес, түрлі қауіптер де бар. Сондықтан бала қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін білуі қажет, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Polisia.kz мәліметінше, интернетте қауіпсіз жүру үшін ең алдымен жеке мәліметтерді ешкімге жарияламау керек. Мысалы, аты-жөнің, мекенжайың, оқитын мектебің мен телефон нөмірің – бұл сенің жеке ақпаратың. Оны бөгде адамдармен бөлісуге болмайды, дейді тәртіп сақшылары.
Сондай-ақ бейтаныс адамдармен сөйлесуден аулақ болу керек. Өйткені олар өздерін шынайы өмірдегідей танытпауы мүмкін. Егер түсініксіз сілтеме немесе белгісіз файл келсе, алдымен ата-анаңнан сұрап алған жөн. Бұл — сенің қауіпсіздігің үшін маңызды.
Polisia.kz дерегінше, ата-ананың рұқсатынсыз әлеуметтік желілерге сурет не видео жүктемеу де маңызды. Бұл – өзіңнің де, өзгелердің де жеке шекарасын сақтау.
Егер интернетте бір нәрсе қорқынышты немесе түсініксіз көрінсе, үндемей қалмау керек. Ата-анаңа, мұғаліміңе немесе полицияға айту – батыл әрекет. Бұл әлсіздік емес, жауапкершілік, дейді құқық қорғау органдары.
Интернет қызық әрі пайдалы бола алады. Бірақ оның қауіпсіз болуы – әр баланың өзіне де байланысты екенін естен шығармаған жөн.