ШҚО: «Ұлы дала алтыны» көрмесі алғаш рет ашық аспан астында өтті
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында түрлі мәдени шаралар өтіп жатыр. Соның ішінде көптің назарын аударған – «Ұлы дала алтыны» атты көрме, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көрмеге Шығыс Қазақстандағы ең құнды жәдігерлер қойылған. Сақ және түркі дәуіріне жататын тарихи бұйымдар мен адамдардың реконструкциясы, алтын әшекейлердің түпнұсқалары алғаш рет ашық аспан астында жұртшылық назарына ұсынылды.
Көрменің тағы бір ерекшелігі – тақта отырған Қаған бейнесі. Екі ат мүсінінен тұратын тұғырға орнатылған бұл образ Білге қағанның тәжіне ұқсатып жасалған. Киімі – жібектен, әшекейлері – алтын мен асыл тастардан дайындалған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы екі жылда бұл композиция толықтырылып, белдікте бейнеленген Қағанның қасында болған қызметшілердің де реконструкциясы жасалады.
Фото: Жібек Нұрахмет


