«Елеке сазы алтындары» көрмесі ел назарына ұсынылды
фото: kaznu.kz
Абай облысында «Асыл бесік - Ақсуат» фестивалі аясында «Елеке сазы алтындары» көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы тікелей қолдау білдірді. Көшпенділер өркениетінен сыр шертетін бірегей экспозицияны тарихи-өлкетану музейі үйлестірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Елеке сазы — ерте сақ дәуіріне жататын элитарлық ескерткіштің бірі. Бұл жерден табылған жәдігерлер көшпенділердің мазмұны бай мәдениетін айшықтайды. Көне өркениеттің өз бағасын алуына Әбдеш Төлеубаев, Зейнолла Самашев сынды елімізге белгілі археолог ғалымдардың елеулі еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн.
Көрмеде 2019 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі ұсынылды. Мәселен, бұл жылы Зейнолла Самашевтың «Патша» деп аталған қорғанынан 534 археологиялық артефакті табылған.
Елеке Сазынан табылған бірегей жәдегерлер сақ тайпаларының мәдениетін, өмір салтын, әскери өнерін, діни көзқарасын тұтас айшықтайды.
Эксклюзивті археологиялық артефактілер көрмесі, шынымен де, көпшілік көзайымына айналды.