KZ
Өскемен
-34°
плотный туман жел 1 м/с, С
510.43 594.86 6.49

Дәрігер болу – ерлікпен тең: ШҚО тұрғындары ақ халаттыларға алғыс айтты

16.06.2025, 16:45 214 Әбішев Ержан

Медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада Шығыс Қазақстан тұрғындары дәрігерлерге шынайы алғыстарын білдіріп, өз өмірін аман алып қалған оқиғалармен бөлісті. Бұл – тек бір күндік мереке емес, бұл – жанын салып еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға деген елдің алғысы, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегі салтанатты жиында басты назарда болды. Шара барысында өмірлерін сақтап қалған ақ халатты жандарға алғыс айтқан адамдар сахнаға шықты. Бар болғаны үш оқиға, үш тағдыр. Дәрігер болу тек мамандық емес, бұл кез келген сәтте әрекет етуге дайын болу, уақытпен де, жеке жоспарлармен де санаспай, жауапкершілікті сезіну, демалыста да, үйде де, тіпті мереке күндері де өз ісіне адал болу екенін дәлелдейді.

Бірінші оқиға: үзілмеген үміт
Бір сәтте өмір мен өлім арасында қалған кішкентай Ярослав Бойко бүгінде күліп-ойнап жүр. Бұл – Ана мен бала орталығының реаниматологтар командасының үйлесімді жұмысының арқасы. Ярославтың ата-анасы – Сергей Борисович пен Евгения Александровна сахнада денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлеріне, әсіресе осы орталықтың бөлім меңгерушісі Гамиль Еркебаевқа, резидент-дәрігер Мөлдір Муталиповаға және анестезиолог Серік Байкеновке шын жүректен алғыс айтты. Бұл – кәсіби біліктілік пен жанашырлық тоғысқан, медицинаның ғылым ғана емес, адамға деген сенім екенін еске салған оқиға.

– Жақында ұлым менен арманым бар ма деп сұрады. Бірақ сіздер сол арманымды шындыққа айналдырдыңыздар – баламызды қайтардыңыздар, – деді Сергей Бойко.

Екінші оқиға: кезекшіліктен тыс
Келесі оқиға дәрігердің жұмысы тек аурухана қабырғасымен шектелмейтінін көрсетті. Өскемендегі аквапаркта қарапайым бір күн трагедиямен аяқталуы мүмкін еді: кішкентай Сұңқар суға батып, тыныс алуы тоқтады. Сол сәтте қасында болған Ана мен бала орталығының бас акушері Ирина Носакова бірден жүрек-өкпе реанимациясын бастап, баланы аман алып қалды. Оның кәсібилігі мен батылдығының арқасында Сұңқарға екінші өмір сыйланды. Енді оның анасынан бастап, отбасы Иринаны ұлының "кіндік анасы" деп атайды. Сұңқардың анасы – Меруерт Смайлова Ирина мен оның барлық әріптестеріне ризашылығын білдіріп, дәрігерлер ғана бере алатын ерекше үмітті атап өтті. 

Үшінші оқиға: жеңілмеген жүрек
16 мамыр күні жедел жәрдемге 67 жастағы ер адамда жүрек талмасы болды деген шақырту түсті. Бұл – бір қарағанда әдеттегі жағдай. Бірақ жолда келе жатып науқастың жүрегі тоқтап қалды. Сол сәтте фельдшерлер Эльвира Кенжалина мен Зарина Раздықова кезекшілік атқарып жүрген. Жүрекке жабық массаж, дефибрилляция жасады, жүрек қайтадан соға бастады. Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақтандырып, жансақтау бөліміне жеткізді. Ол толық ем алып, үйіне сауығып шықты.

Бұл үш оқиға – жай ғана оқиға емес. Бұл – ауру кодтарының, стандарттардың, сандардың ар жағында шынайы адамдар, өзгенің өмірі үшін шешім қабылдауға күнде дайын тұратын жандар бар екенін еске салу.

Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесі барлық қиындықтарға қарамастан, кәсіби және адами төзімділіктің үлгісі болып қала беруде. Иә, кейде реформалар күнделікті өмірде бірден байқалмайды. Бірақ дәл осындай шынайы сәттер дәрігерлік мамандықтың мәнін айқын көрсетеді. Бұл –өмірді құтқаратын мамандық.

Міне, бүгін емделушілер мен олардың туыстары дәрігерлерге шын жүректен алғыс білдірді. Ал ертең ақ халатты абзал жандар тағы да жұмысқа шығады. Себебі бұл – олардың таңдаған кәсібі емес, өмірлік миссиясы.

Дәрігерлер өздерін батырмыз деп айтпайды. Бірақ олар күн сайын адам өмірін аман сақтап, ерлікке пара-пар іс жасап жүр.

Шығыс Қазақстан халқы осы жолда аянбай тер төгіп жүрген барлық дәрігерлерге алғысын арнайды. Олар – үміт сыйлайтын, өмірді қайта бастататын жандар.

Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу