Ақ халатты абзал жандар марапатталды - ШҚО (видео)
Елімізде маусымның үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлері күні. Бұл күн елімізде 1998 жылдан бері атап өтіліп келеді. Осы кәсіби мерекеге орай бүгін Өскеменде жауапты міндет арқалаған ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірдегі адам жанының арашасы болған медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Бұл күні медицина саласының үздіктеріне «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі мен алғыс хаттар табыстады.
Өңірде денсаулық саласының дамуына зор басымдық беріліп отырғаны белгілі. Былтыр ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсарту мақсатында облыста 17 медициналық пункт салынып, ел игілігіне берілген болатын. Ал биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін облыстың сегіз ауданында 18 медицина мекемесін салу жоспарланып отыр.