Маусымның соңғы аптасында қазақстандық спортшылар бірқатар ірі халықаралық жарыстарға қатысады
Фото: pexels.com
23–29 маусым аралығында қазақстандық спортшылар Азия мен әлемнің әр түкпірінде өтетін түрлі жарыстарда ел намысын қорғайды. Апта спортқа толы болғалы тұр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
23 маусым мен 4 шілде аралығында Шри-Ланканың Коломбо қаласында шахматтан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасынан 2 спортшы қатысады.
24–30 маусым күндері Мажарстанның Секешфехервар қаласында қазіргі бессайыстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Бұл дүбірлі додада еліміздің 8 спортшысы бақ сынайды.
25 маусым мен 2 шілде аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте үстел теннисінен жастар арасындағы Азия чемпионаты өтпек. Қазақстан атынан 7 спортшы қатысады.
26–27 маусымда Түркияның Коджаэли қаласында әйелдер және еркін күрестен дәстүрлі Yasar Dogu, Vehbi Emre & Hamit Kaplan халықаралық турнирі өтеді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасының 12 палуаны белдеседі.
26–28 маусым күндері еліміздің Лисаков қаласында белбеу күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді. Елдің түкпір-түкпірінен 15 өңірдің спортшылары қатысады деп күтілуде. Қатысушылар саны – 200-ден асады.
Ал 26–29 маусымда Хорватияның Пореч қаласында WKF Karate1 Youth League халықаралық турнирі өтеді. Әлемнің 78 елінен 3300-ден астам спортшы қатысатын ірі жарыста Қазақстаннан 21 спортшы бақ сынайды.
Аптаның соңында, яғни 27–29 маусым күндері Қытайдың Шанхай қаласында брейкингтен Азия чемпионаты өтеді. 20 елден 180-нен астам спортшы қатысатын додада еліміздің атынан 6 спортшы өнер көрсетеді.
Осылайша, қазақстандықтар маусымның соңғы аптасында әлемдік ареналарда белсенділік танытпақ. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!
Дереккөз: ҚР Туризм және спорт министрлігі