Велоспорттан Ұлттық чемпионат Өскеменде өтіп жатыр
Кенді Алтайдың орталығы – Өскемен қаласында велоспорт жарыстары басталды. Ел өңірлерінен келген ең мықты шабандоздар тас жолда бақ сынап жатыр. Бұл – Қазақстан құрамасына Әлем чемпионатына жолдама беретін маңызды іріктеу кезеңі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жарыстар 22–29 маусым аралығында қаланың және Ұлан ауданының автожолдарында өтеді. Бір апта бойы жалғасатын спорт мерекесінде бірнеше ірі жарыс қамтылған:
- Тасжолдағы велоспорттан Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты (23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер);
- Қазақстан Республикасының VI жазғы жастар спорт ойындары (юниорлар мен қыздар арасында);
- Паралимпиадашылар арасындағы VII жазғы Спартакиада;
- Ардагерлер арасындағы Masters санатындағы ҚР чемпионаты.
Айта кету керек, мұндай ауқымды велошара Шығыс Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін Ұлттық чемпионат 10 жыл бойы Талдықорғанда өткен.
Чемпионатқа Қазақстанның үздік велошабандоздары, соның ішінде әлем және Азия біріншілігінің жүлдегерлері, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары қатысып жатыр. Олар жеке, командалық, критериум (қала көшелеріндегі жарыс) және топтық жарыстарда өзара мықтыны анықтайды.
Жарыс бағдарламасына түрлі қашықтықтағы сындар енген – ең қысқасы 15 км, ал ең ұзыны 200 км. Велошабандоздар Өскемен мен Ұлан ауданы аумағындағы таулы әрі бұралаң жолдарды еңсермек. Олар Аблакет, Тарғын, Алмасай, Самсоновка, Сағыр, Бестерек ауылдарының тұсынан өтеді, сондай-ақ Өміш асуына дейін көтеріледі.
Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей және командалық жарыстарда үздіктердің үздігін анықталды.
Жұптық командалық есепте Жетісу облысының спортшылары айқын басымдық танытып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды тағы да Жетісу облысының екінші құрамы жеңіп алып, өздерінің көшбасшы екенін дәлелдей түсті. Үшінші орынға Қызылорда облысының қыздары табан тіресе, үздік бестікті Алматы облысының өкілдері түйіндеді.
Командалық есеп бойынша Жетісу облысы ерлер арасында да алға шықты. Көпжылдық тәжірибесі мен мықты дайындықтың арқасында жетісулықтар қарсыластарын басып озды. Екінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының командасы иеленсе, үшінші орынды Қарағанды облысы еншіледі. Алматы мен Астана командалары төртінші және бесінші орындарға жайғасса, Қызылорда облысы алғашқы алтылықты түйіндеді.
Юниор ұлдар мен қыздар арасындағы VI Жастар спорттық ойындарында жас спортшылар өз шеберліктерін паш етті. Командалық есеп бойынша Қарағанды облысының жас велошабандоздары бірінші орынды иеленіп, өздерінің әлеуетін көрсетті. Астаналық команда екінші орынды иеленсе, Жетісу облысының жас спортшылары үшінші орыннан көрінді. Шымкент қаласының жастары үздік төрттікті түйіндеп, бұл спорт түріне деген қызығушылықтың артқанын байқатты.
Фото/видео: Жалғас Сақадиев