Дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты Өскеменде өтеді
![](/kz/uploads/posts/2024-06/img_8225.webp)
Фото: instagram- sadak_atu_oskemen
Дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты биыл тұңғыш рет Шығыс Қазақстанда ұйымдастырылмақ. 2024 жылғы 3-7 шілде аралығында Өскемен қаласында өтетін аламан додаға қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке жетеді деп күтілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 7-9 жас, 10-12 жас, 13-15 жас, 16-17 жас аралығындағы 300-ге жуық спортшы қатысады деген болжам бар.
Сайыс үш түрлі нысана негізінде өткізіледі. Олар – Пута нысанасы, Қалқан нысанасы және Жамбы нысанасы. Жарыстың әр түрі бойынша бес оқтан бес мүмкіндік беріледі. Әр нысананың арапқашықтығы жас ерекшелігіне байланысты әртүрлі. Ұлдар мен қыздар жеке-жеке өзара сынға түседі.
Барлық спортшылар үш нысанада да бақтарын сынай алады. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі диплом, медальдармен марапатталады.
Жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі садақ ату чемпионаты ҚР Туризм және спорт қауымдастығының, Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтеді. Ұйымдастырушылар – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, «Sadag Atu» республикалық федерациясы және «Oskemen sadag atu» федерациясы.
Чемпионат Өскемен қаласы, Восток стадионында 4-шілде, сағат 10.00-да салтанатты түрде ашылып, 5-6 шілде күні жарыстар өтеді.