Өскеменде велоспорттан Қазақстан Ұлттық чемпионаты басталды
Бүгін Өскеменде велоспорттан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскеменде алғаш рет автожолда өтіп жатқан бұл ірі спорттық додаға еліміздің барлық өңірінен келген 187 үздік велошабандоз қатысып жатыр. Шараның салтанатты ашылуы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында өтті.
Чемпионатты Қазақстанның велоспорт федерациясы Туризм және спорт министрлігімен, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Велошабандоздар 22-29 маусым аралығында Ұлан ауданы мен Өскемен қаласының маңындағы автожолдарда жарысады.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген халықаралық UCI комиссары Мартин Бруйн, Қазақстан велоспорт федерациясының бас хатшысы Жетес Сүлейменов пен облыстық спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов спортшыларға сәттілік тілеп, бұл чемпионаттың маңызды екенін атап өтті.
Ұлттық чемпионатқа Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Евгений Федоров сияқты танымал спортшылар да қатысуда.
Біздің облыстан жарысқа сегіз велошабандоз қатысады. Олардың арасында Кристина Стужук пен Сайранбек Бекнұр секілді тәжірибелі спортшылар бар.
Жарыс бір апта бойы жалғасады. Велошабандоздар Ұлан ауданындағы Аблакет, Тарғын, Алмасай ауылдарын, сондай-ақ Самсоновка, Сағыр, Бестерек ауылдарын басып өтіп, Өміш асуына дейін барады. Жол бойында спортшылар 15 шақырымнан 200 шақырымға дейінгі әртүрлі қашықтықтарда бақ сынайды.
Бұл чемпионат – Өскемен үшін үлкен мәртебе. Жанкүйерлерге тартысты жарыс, спортшыларға сәттілік тілейміз!
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай












