1 маусымнан бастап Қазақстанда тірек-қимыл аппараты, көру органдары және интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшылар арасындағы VII Республикалық Спартакиада өтуде. 25-29 маусым аралығында Өскемен қаласында пара үстел теннисі мен пара велоспорттан жарыстар өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы алғашқы республикалық спартакиада 1991 жылы өтіп, оған 500-ге жуық қатысушы жиналған. Бұл Қазақстандағы паралимпиадалық қозғалыстың дамуына үлкен серпін берген маңызды кезең болды. Содан бері спартакиада әр төрт жыл сайын өткізіледі. Жыл сайын жарыстың ауқымы кеңейіп, қатысушылар мен спорт түрлері көбейіп келеді.
– Өскемен қаласында өтіп жатқан пара үстел теннисінен жарыс ең ауқымды шаралардың бірі болып отыр. 200-ге жуық спортшы қатысуда. Қазір 18 облыстан спортшылар келді. Әр облыс іріктеу өткізіп, ең мықты спортшыларын алып келді. Шығыс Қазақстан облысы ең ауқымды команда болып отыр. Облыстың спорт және дене шынықтыру басқармасына алғысымызды білдіреміз, – дейді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының паралимпиадалық бөлім басшысы Батыр Қадырбайұлы.
Биылғы спартакиадаға жалпы саны шамамен 2000 параспортшы қатысып жатыр. Жарыстар 17 спорт түрін қамтиды. Бұған дейін Астанада отырып ойнайтын волейбол, пара таэквондо, пара дзюдо, бочча, пара би және пара каратэден жарыстар өтсе, Таразда голбол, пара жүзу және пара пауэрлифтингтен, Алматы облысында пара оқ ату және пара жеңіл атлетикадан, Көкшетауда дойбы, шахмат және тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылды. Ал Өскемен қаласында пара үстел теннисі мен пара велоспорт жарыстары өтуде.
– Он төрт жылдан бері спортшыларды жаттықтырып келемін. Біздің спортшылар қаймықпайды, бар күш-жігерін салып, облыстық, республикалық, халықаралық додаларда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Атырау облысының спортшысы Әли Мақұлбек Қазақстан тарихында бірінші рет Париж қаласындағы Паралимпиадаға қатысты. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік болды, – дейді ҚР Пара үстел теннисінен бас жаттықтырушы Арнұр Әбішев.
Спартакиаданың басты мақсаты — мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық құрамаларға дарынды спортшыларды іріктеу.
– Өскемендегі алғашқы жарысым. Мұндай деңгейде үстел теннисінен жарыс бұрын-соңды болмаған шығар. Ойындар өте қызу өтеді деп ойлаймын. Жаттығу деңгейімізді жоғарылату үшін түрлі жарыстарға қатысып тұрамыз. Тұрақты түрде аптасына үш-төрт мәрте дене шынықтырумен айналысып тұрамыз. Жалпы, кәсіби спортта жүргеніме сегіз жыл болды, – дейді Астана қаласынан келген спортшы Александра Степанова.
– Жетісу облысынан жиырма спортшымен келіп отырмыз. Дайындықтарымыз өте қызу өтті. Талдықорған қаласына арнайы барып, жеке жаттығулар өткіздік. Бапкерлерімізбен психологиялық, физикалық тұрғыда көптеген дайындықтарға қатыстық. Үстел теннисі Қазақстанда дамып келеді. Алғаш осы спортпен айналысып жүргенде сексенге жуық адам жарысқа келетін. Бүгін, міне, 195 спортшы қатысып отыр. Қуантарлық жаңалық. Президентіміз бұл спорт түріне ерекше қолдау білдіріп келеді, – дейді Жетісу облысынан келген спорт шебері Азамат Оразбек.
VII спартакиаданың жабылу салтанаты Өскеменде 29 маусым күні өтеді.
Фото/видео: Жәнібек Ырысбай