Шектелмеген мүмкіндіктерді сыйлайды
Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулып, оларды әлемдік додаларға шығарып, чемпион жасап, қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетіп жүрген Шығыс Қазақстан облысының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының арқалап жүрген жүгі ерекше құрметке лайық.
Күні кеше ғана Парижде Олимпиада ойындары аяқталып, спортшыларымыз жүлделі оралды. Әттеген-ай дейтін де сәттер болды, күтпеген жеңістердің де куәсі болдық. Артынша бір ай өте параолипиада ойындары басталып, қазақстандық спортшыларымыз қанжығамызды тағы бір майлады. Бірақ олимпиада ойындары осымен аяқталған жоқ. 2025 жылы Токиода сурдолимпиада ойындары өтеді. Осы әлемдік додаға екі шығысқазақстандық ел намысын қорғайды деген үлкен үміт бар.
Шығыс Қазақстан облысының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы облыс көлемінде қызмет көрсетіп, денсаулығында әртүрлі диагнозы бар отандастарымызды қоғамнан шет қалып қалмайтындай, кедергісіз келешек қалыптастыру жолында көзге көрінбейтін, бірақ өте ауқымды жұмыстар атқарып жүр.
Бүгінгі таңда облыс бойынша спорт клубында 184 спортшы 14 спорт түрімен кәсіби тұрғыда айналысуда. Спорт клубы спортшыларды негізінен паралимпиада, сурдолимпиада, олимпиадалық емес спорт түрлері және спешл олимпик бағыттарында дайындайды. Спорт клубы көрсететін қызмет түрлерінің барлығы тегін. Тіпті жарыстардың жол-пұлы мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
Сонымен қатар спорт клубы жыл сайын облыстық жарыстар ұйымдастырып, аудандардағы мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тартуға тырысады. Сол жарыстарда бапкерлер әр спортшының икемі мен бейімін таразылап, артынша оларды үлкен, кәсіби спортқа іріктейді.
Бүгінде спорт клубының құрамында 23 бапкер бар. Олардың ішінде армрестлингтен бес бапкер Глубокое, Тарбағатай, Зайсан аудандары мен Өскемен, Риддер қалаларында қызмет етуде. Қазіргі уақытта елімізде Шығыс Қазақстан облысының спортшылары ғана емес, пара және сурдо спортшылары да қол күресінен көш бастап тұр. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында пара және сурдо жүзу де сұранысқа ие. Жеңіл атлетикадан жетіп жатқан жетістіктерде мақтануға тұрарлық. Сурдо футболшылар да жерлестерін жеңістерімен қуантуда. Үстел тенисінің даму қарқыны да көңіл көншітеді. Спорт клубының мүшелерінде спорт шебері, спорт шеберіне үміткерлер де аз емес. Ел намысын қорғап жүрген шығысқазақстандық сурдо және пара спортшылар ҚР Ұлттық құрамасына мүше және 17 спортшы биыл облыс әкімі тағайындаған арнайы стипендияны алып шықты.
Cурдолимпиадаға дайындық басталды
Сурдоспорт – есту қабілеті нашар адамдарға арналған спорттың жеке категориясы. Спорттың бұл түрі саңырау және нашар еститін адамдарға физикалық қабілеттерін дамытуға, әлеуметтенуге және керемет нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі.
Өңірдегі сурдоспорттың даму қарқыны жоғары. Биыл сурдо жеңіл атлетикадан өткен Әлем чемпионатында Фаина Меирманова биіктікке секіруден 1,76 метрге секіріп, алтын медаль алып, жастар арасындағы әлемдік рекортты жаңартты. Осы жеңісі оған Токиода өтетін сурдолимпиадаға жолдама сыйлады.
Биыл Өскемен қаласында сурдо футболдан Респубиликалық чемпионат өтті. Жеті облыстан сурдо спортшылар келіп, сынға түсті. Шығыс Қазақстанның құрамасы екінші орынға ие болды. Бұл жерде сурдо футболшылардың бапкерін ерекше атап өту керек. Роман Кобенконың өзі бұрын сурдо дзюдо және сурдо футболмен айналысқан чепион.
Пара спорттағы жетістіктер бір төбе
Пара спорт тірек апаратында келмістігі бар және зағип жандарға арналған спорт түрі. Пара спортшылар паралимпиада ойындарында өнер көрсетеді. Шығыс Қазақсан облысында пара спорт түрлерінен жаттығып, жоғары жетістіктер көрсетіп жүрген спортшылар аз емес.
Нұрали Советханов 2021 жылы жүзуден паралимпиадаға қатысып, сегізінші орынға шықты. 2023 жылы Қазақстан чемпионатында І орынды иеленді. Биылғы паралипиадада ел намысын қорғау мүмкіндігі берілмесе де, пара спортшы 2027 жылы Лосанжелесте өтетін жарысқа дайындалуда. Дәл осы Амирканың төрінде өтетін паралипиадаға пара жүзуден қатысу үшін Виктор Волковта дайындықтарын бастады.
Сонымен қатар Виктор Волков пен Кирилл Реслер 2025 жылдың қазан айында жастар арасындағы Пара Азия ойындарында ел намысын қорғауға ниетті.
Алдағы жылы Қазақстанда төрт жылда бір келетін IІV пара спартакиада бастау алады. Бұл ауқымды жарыстың шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және үстел теннисі сынды спорт түрлері Өскемен қаласында өткізілуі мүмкін. 2023 жылы пара Азия ойындарында үстел теннисінен өнер көрсеткен спорт шебері Ардақ Нұрмағамбетовтың бапкері бұл чемпионатта көш бастайды деген үмітте.
Ақерке Рағызбаева