Параспортшылар додасы: VII Спартакиадаға 2000-ға жуық спортшы қатысады
Фото: pixabay.com
Осы жылдың 1-29 маусым аралығында еліміздің бес өңірінде тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында кезекті VII Республикалық Спартакиада өтеді. Ауқымды жарыс Астана, Тараз, Көкшетау қалаларында және Өскемен мен Алматы облысында өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Спартакиадаға 15 жастан жоғары 2000-ға жуық параспортшы қатысады. Олар кәсіби деңгейде бақ сынап, ел ішіндегі үздіктерді анықтайды. Биылғы жарыста спорт түрлерінің саны 17-ге жетіп, бұған дейінгі көрсеткіштерден асып түсті. Бұл – елдегі параспорт дамуының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Спартакиада алғаш рет Қазақстанда 1991 жылы ұйымдастырылған болатын. Ол кезде небәрі 500-ге жуық спортшы қатысса, қазір бұл көрсеткіш бірнеше есеге артқан. Бұл уақыт аралығында жарыстың маңызы да, қатысушылардың дайындығы да айтарлықтай өсті. Соңғы үш Спартакиадада қатысушылар мен спорт түрлерінің саны жыл сайын көбейіп келеді.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі 4 маусымда Астанада, ал жабылу рәсімі 29 маусымда Өскеменде өтеді. Бұл – тек спорттық бәсеке емес, қоғамда ерекше қажеттілігі бар азаматтардың әлеуетін көрсететін маңызды алаң.
Спартакиаданың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту арқылы олардың өмір сапасын арттыру, бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық құрама командаларға жаңа спортшыларды іріктеу.
Бұл дода – тек жарыс емес, күш-жігердің, рухтың және ынтымақтың символы. Параспортшылардың табандылығы мен ерік-жігері баршаға үлгі болары анық.