KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 5 м/с, ОБ
517.66 606.49 6.44

Жаңа заң жобасында мәжбүрлі некеге және заңсыз қаржы әрекеттеріне жаза ұсынылды - Сенат

27.06.2025, 13:30 204 Гульжан Мусина

Сенатта азаматтардың құқығын қорғауға және қылмыстық процесті жеңілдетуге бағытталған жаңа заң жобасы қаралды. Бұл құжат Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Заң жобасында қылмыстық істерді жүргізу барысындағы артық бюрократиялық рәсімдерді азайту, тергеу ісін оңтайландыру және негізсіз қылмыстық қудалау мүмкіндігін болдырмау қарастырылған. Енді салықтық немесе азаматтық сипаттағы дау туындаған жағдайда, растайтын құжаттары жоқ шағымдар арнайы тіркеуге алынбайды.

Сталкинг, яғни адамның артынан аңду және мазасын алу, дропперлік деп аталатын алаяқтық жолмен үшінші тұлғалардың атына банк карталарын рәсімдеу, сондай-ақ некеге мәжбүрлеу сияқты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сонымен қатар, заңсыз қаржылық қызметтер мен ұшақ басқаруға кедергі келтіру фактілеріне де жаза қарастырылған.

Адвокаттардың іс жүргізуге араласу құқығы кеңейіп, қорғау актісі негізінде іске тікелей қатысу мүмкіндігі енгізіледі. Қылмыстық істерді электрондық форматта жүргізу, қашықтан беттестіру өткізу және айыптау құжаттарын біріктіру сынды жаңашылдықтар да заң жобасында қамтылған.

Сотталған азаматтардың құқықтық мәртебесін арттыру, пробация қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың өзара әрекетін жақсарту және жазаны орындау тәртібін өзгерту сияқты қылмыстық-атқару жүйесіне қатысты нормалар да ұсынылған.

Отырыс қорытындысы бойынша комитет заң жобасын Сенаттың жалпы қарауына жолдады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу