Шығыстың диқандары майлы дақылдар өсірудің жаңа технологияларын талқылады
Глубокое ауданында өткен аграрлық семинарда майлы дақылдар егіншілігін дамыту мәселелері қаралды. Жиынның басты тақырыптары – күнбағыс өсіру технологиялары, мемлекеттік қолдау шаралары, тұқым шаруашылығы және өсімдіктерді қорғау болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Семинар Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының базасында өтті. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қолдауымен ұйымдастырылды және республикалық AGRObilim.kz жобасының құрамдас бөлігі болып табылады. Жиын барысында аграрийлер, ғылым өкілдері және мемлекеттік органдар саланың өзекті мәселелері мен даму келешегін ортаға салды. Әсіресе селекциядағы заманауи тәсілдер, ауруға төзімді және өнімділігі жоғары ExpressSun, Clearfield жүйелері мен дәстүрлі әдістерге ерекше назар аударылды.
Семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мұндай кездесулердің маңызын атап өтті.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, аграрийлер ғылым мен мемлекеттің үйлесімді жұмысының арқасында майлы дақылдар саласы нақты даму қарқынын көрсетіп отыр. Жыл сайын егіс көлемі мен өнімділік артып келеді.
Семинар аясында субсидиялау тетіктері, жеңілдетілген несиелеу мүмкіндіктері және агротехниканы тиімді қолдану жолдары талқыланды. Сонымен бірге тұқым шаруашылығы мен өсімдіктерді қорғау – өндіріс табыстылығын арттырудағы негізгі фактор ретінде қарастырылды.
Семинар соңында облыс әкімі қатысушыларға «Күнбағыс өсіру: технология ерекшеліктері, тұқым шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау» атты оқыту бағдарламасын сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар табыстады. Бұл құжат климаттың құбылмалы жағдайы мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын талаптар күшейіп жатқан кезеңде өзекті агротехнологияларды меңгергенін растайды.
Айта кетейік, соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысы майлы дақылдар бағыты бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді. Жаңа технологияларды енгізу, аграрлық білім деңгейін көтеру және мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту арқылы өңір агросаланың ұзақмерзімді тұрақтылығына басымдық беріп отыр.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жанібек Ырысбай







