KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, В
514.31 603.03 6.4

ШҚО шаруалары күнбағысты өсірудің заманауи тәсілдерін меңгеріп жатыр

27.06.2025, 15:00 286 Гульжан Мусина

Глубокое ауданында майлы дақылдарды өсіру бойынша аграршыларға арналған тәжірибелік семинар өтті. Жиын барысында күнбағысты өсіру технологиясы, тұқым шаруашылығы мен өсімдіктерді қорғау әдістері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Опытное поле ауылында өткен бұл практикалық бағыттағы семинарға өңірдегі шаруа қожалықтарының өкілдері мен Самар агротехникалық колледжінің мамандарынан құралған 40-тан астам адам қатысты. Шара Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының базасында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл – AGRObilim.kz республикалық жобасының бір бөлігі.

Семинардың басты мақсаты күнбағыс өсірудің заманауи тәсілдерін, тұқым сапасын арттыру, өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау жолдарын үйрету және аграршыларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар ету болды. Сонымен қатар ШҚО климатына бейімделген технологиялар мен гибридтерге ерекше назар аударылды.

– Жоғары өнім алу, қоршаған ортаны сақтау үшін біз жаңа технологияларды меңгеріп, заманауи техниканы пайдалануға тиіспіз. Жаңашылдық – табысты егіннің кепілі, – дейді «Глубочанка» шаруа қожалығының агрономы Алена Лаер.

Майлы дақылдар бөлімінің меңгерушісі Ольга Гаврилова семинарға қатысушыларға күнбағыс өсірудің үш негізгі технологиялық жүйесін – ExpressSun, Clearfield және классикалық әдісті таныстырды. Ол гербицид қолдану ерекшеліктері мен тұқым сапасына қойылатын талаптар туралы кеңінен түсіндірді.

– Күнбағыс – стратегиялық дақыл. Оның табысты өніміне заманауи білім, сапалы тұқым және жүйелі қорғау шаралары қажет. ExpressSun мен Clearfield технологиялары – гербицидке төзімді гибридтер арқылы арамшөппен күресте тиімді тәсілдер. Әсіресе, агрофлорасы проблемалы алқаптар үшін өте өзекті, – деді ол.

Сондай-ақ Ольга Гаврилова тұқым өндіруде жиі кездесетін қателіктерге тоқталып, жинаудан кейінгі өңдеуде тұқым сапасының 10-15 пайызы жоғалатынын еске салды. Бұл болашақта өну көрсеткішіне және стресс факторларға төзімділікке тікелей әсер етеді. Сондықтан өңдеу мен сақтау стандарттарын қатаң сақтау – сапаны қамтамасыз етудің басты шарты.

Кездесуде күнбағыс тұқымын таңдауда жергілікті климатқа бейімделген, ауруға төзімді гибридтерге басымдық беру керектігі айтылды.

– Біз 15 жылдан астам уақыт бойы күздік бидай, арпа, жаздық бидай, зығыр, қарақұмық және күнбағыс егеміз. Жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті едәуір арттыруға болады, – дейді «Семена масличных» шаруа қожалығының өкілі Игорь Ляпунов.

Семинар аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған осы жылғы мемлекеттік қолдау шаралары да таныстырылды. Шаруаларға қолданыстағы субсидиялар, жеңілдетілген несие беру тетіктері мен басқа да құралдар туралы ақпарат берілді.

Ұйымдастырушылар мұндай семинарлар тек білім беру емес, ғылым мен практиканы біріктіру алаңы екенін атап өтті. Аграршылар тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылап, ғалымдармен бірге шешу жолдарын іздеді.

Болашақта ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы оқыту форматтарын кеңейтіп, демонстрациялық алаңдар мен көшпелі консультациялар өткізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында егістік алқап көлемі артып келеді. Сондықтан егін шаруашылығында тиімді технологияны таңдау, дұрыс гибрид пайдалану және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Осындай семинарлар әрбір шаруашылықтың заманауи агротехнологиялар мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Дамир Омаров

Видео: Жанібек Ырысбай

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу