ШҚО-да жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр
Жол-көлік апаттарының көбеюі мен адам өлімі, оның ішінде балалардың көз жұмуы – алаңдатарлық жағдай. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері жол апаттары салдарынан 17 ер адам (оның ішінде 5 жасөспірім) және 4 әйел адам көз жұмды. Салдарынан 11 бала әкесіз, 4 бала анасынан айырылды.
Күрделі статистика жол-көлік оқиғаларын есепке алу тәртібінің өзгеруіне де байланысты. Енді кез келген жарақат болған жол апаттары есепке алынады, оның ішінде жеңіл жарақаттар да тіркеледі. Бұрын зардап шегуші сот-медициналық сараптамадан бас тартқан жағдайда мұндай оқиғалар ресми статистикаға енбейтін. Алайда ШҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Рауан Сайранбекұлының айтуынша, мәселе тек есеп жүргізу әдісінде емес.
Сәуір айынан бастап облыс прокурорының тапсырмасымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдері кірді. Олар апта сайын, әсіресе жұма күндері түнгі рейдтер ұйымдастырып келеді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталған.
Мас күйінде көлік жүргізу – ерекше назардағы мәселе. 20 сәуір күні «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мас жүргізуші ұсталып, ол заңмен жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура тек бақылаумен шектелмей, алдын алу жұмыстарына да баса мән беруде. Биылғы сәуірден бастап бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты 100-ден астам материал жарияланған. Бұл іске мектеп оқушылары да тартылуда. Мәселен, Өскемендегі №39 мектептің 10-сынып оқушысы Әлия Жеңісбекова әзірлеген «Мектепке апарар қауіпсіз жол» жобасы аясында қауіпті бағыттар анықталып, оларды жақсарту жолдары ұсынылған.
Прокуратура ескертеді: рейдтер мен тексерістер жалғасады. Жолдағы қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Роксана Глыбова
Фото/видео: Жалғас Сакадиев