Өскеменде жол апатына түскен мопедшілердің жартысы – кәмелетке толмағандар
depositphotos.com
Өскемен қаласында мопед жүргізушілерімен болатын жол апаттары күрт көбейіп кетті. Сол апаттардан зардап шеккендердің жартысы – кәмелеттік жасқа толмағандар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Қалалық ПБ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Өскеменде мопед пен скутер жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны күрт көбейіп кетті.
«Бұл қала жолдарында жыл сайын екі дөңгелекті көліктер санының артуына және мопед жүргізушілерінің автокөлік жүргізушілеріне қарағанда жол қозғалысы ережелерін дұрыс сақтамайтындығына қатысты болып отыр. Жол апаттарының көбеюіне кәмелетке толмағандардың мопед тізгіндей бастауы да тікелей әсер етуде», - делінген ақпаратта.
Биыл қала бойынша мопедтер мен скутерлердің қатысуымен 70-ке жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бірнеше есе көп.
«Жол апаттары салдарынан 79 адам зардап шексе, оның 39-ы кәмелетке толмағандар. Сондай-ақ тәртіп сақшылары 150-ге жуық жол ережесін бұзған мопед және скутер жүргізушілерін анықтады», - дейді қалалық ПБ жол-көлік оқиғасы бөлімінің бастығы Сергей Коваленко.
Оқи отырыңыз