KZ
Өскемен
-25°
плотный туман жел 1 м/с, С
514.31 603.03 6.4

ШҚО-да Жас көшбасшылардың жазғы мектебі ашылады

depositphotos.com

1.07.2025, 11:00 247 Төлеуғазы Жансая

Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің бастамасымен және облыстық білім басқармасының қолдауымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жас көшбасшылардың жазғы мектебі – 2025» жобасы жүзеге асты. Жазғы лагерь Үлкен Нарын ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағасында, Свинчатка ауылында орналасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мектептің басты мақсаты – колледж студенттерінің жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы өткізу, жас таланттарды анықтап, көшбасшылық қабілеттерін жан-жақты дамыту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жазғы мектеп – бұл тек демалыс емес, болашақ мамандардың тұлғалық және әлеуметтік әлеуетін ашуға арналған орта.

«Жас көшбасшылар мектебінде» әр күн түрлі форматтағы мазмұнды бағдарламалармен өтеді. Атап айтқанда, «Танысу кеші», «Караоке-шоу», «Ханзада мен ханшайым» байқауы, «Нептун күні», іскерлік тренингтер, танымдық ойындар, спорттық жарыстар мен туристік квесттер ұйымдастырылады. Сонымен қатар экскурсиялар мен шығармашылық кештер арқылы студенттер өздерін түрлі бағытта сынап көреді.

– Біз студенттердің демалысын қызықты әрі қауіпсіз етуді басты назарда ұстаймыз. Лагерь аумағында бейнебақылау, медициналық қызмет, тәулік бойы күзет ұйымдастырылған. Әр қатысушының жеке ерекшелігіне қарай педагогикалық әдіс таңдалып, жағымды психологиялық орта қалыптастырылады, – дейді ұйымдастырушылар.

Лагерь маусымдық екі кезең бойынша жұмыс істейді: 1-8 шілде, 10-17 шілде.

Демалушылар күніне 5 мезгіл асханалық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жобаның тағы бір ерекшелігі – облыс колледждеріндегі белсенді студенттерді біріктіруі. Бұл өз кезегінде студенттік ортада өзара тәжірибе алмасуға, достық байланыс орнатуға жол ашады.

Ұйымдастырушылар лагерь қатысушыларына көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйлауға уәде беріп отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу