Жаз-2025: 3,1 миллионнан астам оқушы жазғы демалыс және еңбекпен қамтылады

Фото: Махаббат Ахметжанова
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылғы жаз маусымына дайындықты бастап кетті. Биыл елімізде 3,1 миллионнан астам бала сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламаларға қатысады. Олардың арасында 500 мыңнан астамы әлеуметтік осал санаттағы балаларға жатады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 10 мың бала жазғы демалысты тегін өткізу мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жазғы демалыс балалардың еңбекке, шығармашылыққа, зияткерлік даму мен танымдық белсенділікке араласуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар туристік бағыттар бойынша саяхаттар, білім беру жобалары мен халықаралық форумдарға қатысу көзделген.
Осы маусымда барлық іс-шаралар тоғыз мемлекеттік органның қатысуымен әзірленген бірыңғай жоспар аясында ұйымдастырылады. Республикалық және өңірлік деңгейде арнайы штабтар құрылып, жазда жұмыс істейтін демалыс орындарының тізімі жасақталды.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр. Санитарлық нормалар мен гигиеналық талаптардың орындалуы, тағам сапасы, су айдындарындағы, орман алқаптары мен спорттық нысандардағы сақтық шаралары қатаң бақылауға алынады.