KZ
Өскемен
-10°
туман Штиль
501.79 595.07 6.56

ШҚО-да 8 мыңға жуық адам банкроттық рәсіміне жүгінген

depositphotos.com

30.06.2025, 18:00 255 Төлеуғазы Жансая

2023 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстанда азаматтардың қарызын реттеуге мүмкіндік беретін жаңа заң – «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң күшіне енді. Бұл заң аясында азаматтар үш түрлі рәсім арқылы өз қаржылық жағдайын реттей алады: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2023 жылдың 3 наурызынан 2025 жылдың 1 маусымына дейінгі аралықта соттан тыс банкроттық рәсіміне байланысты 6 491 өтініш түскен. Оның ішінде:

  • 742 азамат банкрот деп танылып, олардың жалпы сомасы 2,1 миллиард теңгеден астам берешегі есептен шығарылды;
  • 1 078 өтініш қаралу үстінде;
  • 4 671 өтініш кері қайтарылған.

Соттан тыс рәсім тек банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторларға 6,2 млн теңгеден аспайтын берешегі бар, мүлкі жоқ және соңғы 12 айда төлем жүргізбеген борышкерлерге қолданылады. Өтініштер eGov.kz, eGov mobile, e-Salyq Azamat платформалары немесе ХҚКО арқылы қабылданады.

Берешегі жоғары немесе атына тіркелген мүлкі бар азаматтар сот арқылы банкроттық рәсіміне жүгіне алады. ШҚО бойынша бұл рәсімді қолдануға 126 өтініш түскен. Оның ішінде:

  • 50 өтініш қанағаттандырылып,
  • 29 іс бойынша азаматтар банкрот деп танылып,
  • жалпы сомасы 6,3 млрд теңгеден астам берешек есептен шығарылған.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі азаматтарға қарызын 5 жылға бөліп төлеу арқылы өтеуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда азамат банкрот саналмайды және тиісті шектеулерге ұшырамайды.

ШҚО бойынша бұл рәсімге 40 өтініш келіп түссе, олардың ішінен 13 адамға 142,8 млн теңгеден астам сомаға бөліп төлеу мерзімі берілген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу