Алтайлық дәрігерлер шетелдік тәжірибе арқылы біліктілігін арттыруда
Алтай ауданаралық ауруханасының мамандары кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында шетелдік әріптестерінің тәжірибесін меңгеріп, халықаралық медициналық стандарттармен танысуды жалғастырып келеді. Жақында аурухананың екі жетекші дәрігері шетелдік тағылымдамадан оралып, заманауи медицинаның озық үлгілері мен қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдастырылуымен танысып қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылдың мамыр айында Шығыс Қазақстан облысы делегациясы құрамында Алтай ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақжан Ғалиев пен хирургия бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Болтаев шетелдік клиникаларда тәжірибе алмасуға барған. Бұл қос дәрігер үшін шетелге алғашқы сапар болғанымен, ол кәсіби тұрғыда үлкен серпіліс пен тың білім әкелді.
Хирургиялық тәжірибе – Түркияда
Хирург Бақытжан Болтаев Түркияның Стамбул қаласындағы жекеменшік клиникалардың бірінде панкреатобилиарлық хирургия бойынша тағылымдамадан өтті. Оның айтуынша, клиниканың ауқымы мен техникалық мүмкіндіктері ерекше әсер қалдырған.
Ол хирургия саласының ерекшеліктеріне қарамастан, барлық елде хирург жұмысының негізі ұқсас екенін атап өтті. Сонымен қатар, жоғары технологиялар мен тәжірибеге қарамастан, отандық мамандардың кәсіби әлеуеті кем түспейтінін айтты.
Алтай ауданаралық ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақжан Ғалиев Германияның Дюссельдорф қаласындағы мемлекеттік клиникада болып, денсаулық сақтау саласын ұйымдастырудың озық үлгілерімен танысты.
Шетелдік тағылымдамаға қарамастан, қос дәрігер де жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін жоғары бағалап отыр. Олардың айтуынша, Алтай ауданаралық ауруханасы – мықты кадрлар мен интеллектуалдық әлеуеті бар мекеме.




