QR-код пен дрон көмегімен: халыққа сейсмикалық қауіп туралы ақпарат берілді
Өскеменде құтқарушылар тұрғындарға жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндірді. Бұл шаралар «Жер–2025» республикалық оқу-жаттығуы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шараға Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілдері және әскери бөлімнің құтқарушылары қатысты. Олар қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, төтенше жағдай кезінде жиі жіберілетін қателіктер туралы айтып, жадынамалар таратты.
Мамандар халыққа сілкініс басталғанға дейін, болған сәтінде және кейін қандай қадам жасау керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, тұрғындарға эвакуациялық пункттердің қай жерде орналасқанын көрсетіп, қажетті мәліметтерді QR-код арқылы қолжетімді етті.
Қала тұрғындарына ақпарат дрондар арқылы да жеткізілді. Ұшқышсыз құрылғыға орнатылған дауысзорайтқыш арқылы қауіпсіздік ережелері хабарланып отырды.
Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Құтқарушылардың басты мақсаты – тұрғындарды күтпеген жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету.







