ШҚО құтқарушылары оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мектеп оқушыларымен өрт қауіпсіздігі бойынша арнайы сабақ өткізді. Бұл іс-шараның басты мақсаты балалардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, өрт қауіпсіздігі ережелерін дұрыс түсіндіру және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сабақ барысында ТЖД мамандары оқушыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және өрт шыққан жағдайда қандай әрекет жасау керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Өрттің жиі шығу себептері ретінде отты абайсыз пайдалану, электр жабдықтарын дұрыс қолданбау және балалардың тентектігі атап өтілді. Мамандар өрт болған жағдайда мектеп ғимаратында дабыл дыбысын естіген кезде оқушылардың мұғалімнің нұсқауына сүйеніп, қауіпті аймақтан тез арада шығуы керектігін ескертті.
Сонымен қатар өрт сөндіргішті дұрыс қолдану тәсілдері көрсетілді. Оқушыларға төтенше жағдайлар қызметінің 101 және 112 нөмірлерін есте сақтау керектігі түсіндіріліп, осы нөмірлер арқылы көмекке жүгінуге болатыны айтылды.
Бұл сабақ оқушылар үшін қызықты әрі пайдалы өтті. Олар көптеген сұрақтар қойып, мамандардан жан-жақты жауаптар алды. Мысалы, балалар құтқарушылардың түтінге толы жерде қалай жұмыс істейтінін және шақырту түскен сәттен бастап өрт сөндірушілердің қанша уақыт ішінде жетуге тиіс екенін сұрады.
Іс-шараға ШҚО ТЖД-ның Мамандандырылған жасағының өрт сөндірушісі Азамат Ақаев қатысып, өртпен күрес кезінде қолданылатын жауынгерлік киім-кешекпен таныстырды. Ол құтқарушылардың кеңестерін сақтау әрдайым қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектесетінін атап өтті.
Сабақ соңында балаларға өрт кезінде қалай әрекет ету керектігі туралы жаңа мультфильм көрсетілді. Бұл мультфильмді құтқарушылар арнайы әзірлеген.
Сонымен қатар ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мамандары облыс оқушыларымен онлайн-платформада интерактивті сабақ өткізіп, өрт қауіпсіздігіне қатысты маңызды ақпараттармен бөлісті.
Бұл іс-шараның балаларға үлкен пайдасы тигенін атап өту керек. Өрт қауіпсіздігі бойынша мұндай сабақтар оқушыларға өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Фото: ШҚО ТЖД