Алакөлде демалып жүрген полицей суға ағып бара жатқан баланы құтқарып қалды
Шығыс Қазақстан облысының полиция майоры Талғат Оспанов демалыста жүріп, тосын жағдай кезінде батылдық танытып, суға ағып бара жатқан алты жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқиға Алакөл жағалауында болған. Отбасымен демалып жүрген бала су бетіндегі үрлемелі аквазорб аттракционына отырып, ойнағысы келген. Алайда қатты соққан жел арқанды үзіп, аквазорбты жағадағы бақылаудан шығарып, тереңге қарай алып кеткен.
Сол сәтте жағажайда отбасымен демалып жүрген ШҚО ПД Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері, полиция майоры Талғат Оспанов бірден әрекет еткен. Ол еш ойланбастан суға секіріп, баланың соңынан жүзіп кеткен. Кейін баланың атасы мен әкесі де құтқаруға тырысқан.
Полиция майоры алғашқы болып балаға жетіп, оны атасы және әкесімен бірге жағаға аман-есен жеткізді.
Төтенше жағдай салдары болмаған. Баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген.
Видео: ШҚО ПД