Әлеуеті жоғары туризм тоқырамауы үшін нақты қадамдар қажет – ШҚО, Самар
Шығыс Қазақстандағы табиғаты ерекше, көркем аумақтардың бірі – Самар өңірі. Бұқтырманың жағасын бойлай орналасқан бұл аймақ туризмді дамытудың мол мүмкіндіктеріне ие. Табиғи-рекреациялық әлеуеті жоғары Самардың болашағын жергілікті билік туризммен тығыз байланыстырып отыр. Бұл жөнінде аудан әкімі Серік Жеңісов халықпен кездесу барысында мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, туризмді табысты салалардың біріне айналдыру үшін ең алдымен инфрақұрылымдық түйткілдер шешілуі қажет. Атап айтқанда, санитарлық тазалық, қоқыс шығару, интернетпен қамту сынды қызметтер жүйеленбейінше, өңірдің туристік тартымдылығы толық іске аспайды.
Дегенмен, туризмнің кең қанат жаюына кедергі келтіріп отырған басты факторлардың бірі – Самар мен Тарғын арасындағы жолдың жағдайы. Бұл бағыттағы қозғалыстың қиындығы келушілер легінің кемуіне әсер етуде. Аудан басшылығы бұл мәселені шешуге қатысты тиісті органдарға нақты ұсыныстар жолдаған.
Сонымен қатар, әкім туристік маршруттардың Өскемен қаласынан басталатынын, Самарға дейінгі аралықтың жалпы әсер қалдыруда маңызды екенін атап өтті.
Бүгінде Самар ауданында Бұқтырма бойындағы құмды жағалау шамамен 100 шақырымға созылады. Қазіргі уақытта бұл аймақта бір ғана арбат бар. Жергілікті билік осы аумақты кешенді туристік аймаққа айналдыруды көздеп отыр.
Аудан әкімінің айтуынша, Самар табиғатының ерекшелігі мен климаты өздігінен инвестициялық тартымдылық тудырып отыр. Алайда әлеуеттің іске асуы тек табиғи байлықпен шектелмейді – инфрақұрылым, қызмет сапасы мен логистика шешуші рөл атқарады.
Фото: Руслан Акматалиев