Табиғаты тамсандырған Зайсанға 2024 жылы 20 мыңдай турист келген
Зайсан ауданында халықпен кездескен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов туризмді дамытуды – өңір экономикасын әртараптандырудың келешегі зор бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Аймақ басшысы бұл сала – табиғаты көркем өлкелер үшін тек экономикалық мүмкіндік емес, болашақтың берік іргетасы екендігін алға тартты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің айтуынша, 2024 жылы Зайсан ауданына келген туристер саны 38 пайызға артып, 18,7 мың адамға жеткен (2023 жылы – 13,5 мың). Қазіргі таңда ауданда тоғыз туристік нысан тіркелгенімен, бұл көрсеткіш өңірдің бірегей табиғи кластерінің толық әлеуетін ашуға жеткіліксіз.
Осыған байланысты 2028 жылға дейін ауданда жалпы сомасы 13,2 миллиард теңгені құрайтын 11 туристік жоба жүзеге асырылмақ. Солардың қатарында:
• Айнабұлақ, Қаратал ауылдары мен Зайсан қаласының кіреберісінде қонақүйі, дәмханасы, автотұрағы бар үш кемпинг салу;
• «SaurTau» демалыс базасында төрт қабатты ғимарат тұрғызу;
• Зайсанда қонақүй мен мейрамхана-қонақүй кешенін салу;
• Дайыр ауылында «Экоауыл» құру;
• Арасан-Талды термалды бұлақтары маңында демалыс аймағын дамыту;
• Шүршүтсу ауылында «Этноауыл» этнографиялық кешенін ұйымдастыру.
Туризмді шынайы серпінмен дамыту үшін инфрақұрылымдық негіз де дайын болуы керек. Бұл ретте облыс әкімі аудан басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді:
Ол туризм дегеніміз – тек демалыс орындарын салу емес, ең алдымен сапалы жол, электрмен қамту, санитарлық жағдай мен жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын қамтамасыз ету екенін баса айтты.
Зайсан ежелден экотуризм, емдік-сауықтыру және этномәдени туризм үшін тартымды өңір саналады. Оның қайталанбас табиғаты, бай тарихы мен шекаралық орналасуы – тек отандық емес, шетелдік туристер үшін де ерекше қызығушылық тудырады.
Туризмді дамыту – Шығыс Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған кең көлемді стратегияның маңызды бөлігі. Ал Зайсан – сол стратегияның жарқын үлгісі.
Фото: Махаббат Ахметжанова




