KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
477.62 527.67 5.25

Еліміздегі ең үздік туристік ауылды көріп қайтты

16.08.2024, 18:15 236 Ләззат Қанатқызы

Шығыс Қазақстан облысының делегациясы өңірдің туристік әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында Алматы облысына барды.
Бүгінде Шығыс өңірінде туризм саласын дамыту мәселесіне басымдық беріліп келеді. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев сервиске, санитарлық-гигиеналық пункттерге көп көңіл бөлуді тапсырған. Бұл саланы  дамытуға әсер ететін басты факторлардың бірі деп атап көрсеткен.
- Жол бойындағы дәретханалар мен дәмханалар – бұл да бизнес. Тұрғындарымызға осы бизнесті қолға алуды үйретіңіздер. Оларға жағдай жасаңыздар, - деді облыс әкімі.
Аймақтың бірегей табиғи-климаттық жағдайларын ескере отырып, келешекте туристік саланы даму драйверлерінің біріне айналдыру үшін ШҚО делегациясы мінген шағын автобус Алматы облысы, Кеген ауданына қарасты Саты ауылдық округіне келіп тоқтады. Жол бойындағы әсем табиғаттан бөлек, жол сапасы бірден көзге түседі. Алматы қаласынан 276 шақырым қашықтықта орналасқан Саты ауылдық округіне апаратын жол толықтай жөнделген. Сапалы жолдың туризм дауына ықпал ететінін жергілікті билік ерте түсініп, мықтап қолға алғаны көрініп-ақ тұр.
- Туризмді дамыту үшін, ең алдымен, жолға мән беру керек. Одан кейін тазалық, сол аймақтағы қауіпсіздік пен абаттандыру мәселесі жолға қойылуы керек. Мобильдік жүйемен де  қамтамасыз етілуі тиіс. Ол - тегін жарнама деуге болады. Келіп жатқан туристер фото, видеоларын әлеуметтік желіге жүктеу арқылы өзге елге немесе басқа өңірлерге таныстыра алады, - дейді “Көлсай көлдері” ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Хамит Ахметов.
Саты ауылы – әлемдегі ең үздік туристік ауыл. Мұнда әйгілі Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі орналасқан. Туристік аймақтармен танысу барысында елімізден ғана емес, алыс-жақын шетелден келген туристердің мол ағынын байқауға болады. 
- Өткен 2023 жылы 245 мыңға жуық турист келсе, биыл 7 айдың көрсеткіші бойынша 240 мыңға жуық турист келді. Көлсай мен Қайыңды көлдерінің дүниежүзілік брендке айналып келе жатқанын осы көрсеткішкерден-ақ байқауға болады, - деді “Көлсай көлдері” ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов.
Делегацияны бастап келген облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев Алматы облысынан табиғи ұлттық парктерді дамыту бойынша алар тәжірибек көп екенін атап өтті.
- Біз үшін басты мақсат - туристік саланы және ерекше қорғалатын табиғат орындарында инфрақұрылымды құру бойынша тәжірибе алмасу және семинарға қатысу. Облыс әкімі бұл сұрақты баса назар аударып отыр. Алматы облысының бұл орайда тәжірибесі мол екеніне көз жеткіздік. Ұлттық табиғи парктің ең басты артықшылығы - заманауи технологияларды және әдіснамаларды пайдалану. Шығыста да бұл бағыт қарқынды дамып келеді, әлі де туристердің мол ағынын тарту үшін жұмыс істейміз, - деді Ардақ Еділұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, Шығыс Қазақстанға өткен жылы 370 мыңға жуық турист ат басын бұрған. Ал, алдағы жылы бұл көрсеткішті 2 есеге көбейтуді жоспарлап отырған көрінеді.
- Елімізде барлығы 14 ұлттық парк бар. Келушілер саны жылдан жылға артып келеді. Осы орайда ШҚО-ның туристік әлеуеті өте жоғары екенін айта кету керек. Қазіргі уақытта біз елімізде экологиялық туризмді дамыту ден қойып отырмыз. 2020  жылы Алматы облысында жаңа консепция жүзеге асырыла бастаған. Мұндай тұжырымдама биыл “Катонқарағай” ұлттық паркі бойынша жасалып, бекітілді, - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Делегация өкілдері сапар барысында «Марқакөл қорығының» статусын «Марқакөл ұлттық паркіне» өзгерту мәселесін де көтерді. 
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешіміне сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында шекаралық Қатонқарағай, Марқакөл аудандары құрылған. Қазір шалғай жатқан жаңа аудандарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Десе де халықтың үдере көшуі әсіресе Марқакөлде өзекті мәселе болып тұр.
Алматы обылысына жұмыс сапары кезінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев пен Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешов қорықтың статусын өзгерту мәселесін көтерді.
- Негізінен қорықтың статусы жоғары екенін білеміз. Алайда Алматы облысымен тәжірибе алмасу барысында туризмнің дамуына ұлттық парктің ықпалы зор екенін байқадық. Себебі,  қорыққа заң бойынша қойылатын белгілі бір шектеулер бар. Яғни, туристік объектілерді салуға, дамытуға тыйым салынады. Ал Марқакөлді ұлттық паркке айналдырсақ, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету,  қосымша табыс табу және халықтың үдере көшуін тоқтатуға мүмкіндік туады, - деді Рүстембек Нәбиолдаұлы.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, аталған мәселе қазіргі уақытта қарастырылып жатқан көрінеді. Алайда “ҚР Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы” заңының 14-бабында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мәртебесiн төмендетуге тыйым салынған. 
- Біз ең алдымен табиғаттың қорғалуын қамтамасыз етеміз. Заң бойынша шектеулер бар. Яғни, қорықтың статусын өзгертеуге шешім қабылданса, заңға өзгеріс енгізілуге тиіс. Марқакөл қорығының мәселесін ғалымдармен ақылдасып, зерттеу жүргізу керек. Жалпы ауданда қорықтың статусын төмендетпей, туризмді қалай дамытуға болатынын қарастырып, тұжырымдама жасап, бірлесіп жұмыс жүргіземіз, - деді ол.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив