KZ
Өскемен
-19°
облачно с прояснениями Штиль
514.74 599.36 6.71

ШҚО әкімі: Қазандықтар мен жылу желілері 15 қыркүйекке дейін толық дайын болуға тиіс

Фото: ШҚО әкімдігі баспасөз қызметі
Фото: ШҚО әкімдігі баспасөз қызметі
12.08.2025, 11:20 161 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстан облысында жаңа жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов қалалар мен аудандардың әкімдеріне, сондай-ақ тиісті басқарма басшыларына қазандықтар мен жылу желілерін 15 қыркүйекке дейін толық дайындауды тапсырды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жұмыс кеңесінде айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.
Кеңес барысында қатысушылар тұрғын үй қоры, білім беру, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандардағы жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарының барысы туралы есеп берді.
Бүгінде облыстағы 33 орталықтандырылған қазандықтың шамамен 80%-ы дайын, оның ішінде 9 нысан 100% әзір. Ал 191 автономды қазандықтың 178-і толық дайын, бұл – 93%.

— Жылу көздерін қыркүйектің ортасына дейін толық дайындау қажет. Әсіресе, көмір қорының жеткілікті болуына назар аудару керек, — деді өңір басшысы.

Әкім көмір жеткізу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, өңірлік операторлар «Қаражыра» АҚ және «ҚТЖ» АҚ-мен бекітілген кестеге сәйкес тұрақты жеткізілімді қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ, тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы теміржол тұйықтарындағы көмірдің нақты көлемі мен мекенжайы туралы деректерді уақтылы алып отыруы қажет.
Айта кетейік, қазір облыста әлеуметтік көмір — әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға төмендетілген бағамен сатылып жатыр. Бүгінгі күні түскен 800 өтінімнің жартысы қаралды.
Жиын соңында Нұрымбет Сақтағанов коммуналдық кәсіпорындардың дебиторлық және кредиторлық берешектерін өтеу бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу