Қыс қамы: ШҚО-да дайындық жұмыстарына 22 миллиард теңге бөлінді
depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Облыс аумағында жылу желілері жөнделіп, қазандықтар жаңғыртылуда және көмір қоры жасақталуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбектің айтуынша, жылу жүйелерін жаңғыртуға 22 миллиард теңге бағытталған. Қаражат облыстағы жылу желілері мен қазандықтарды жөндеуге бөлінген.
Өскеменде екі жылу электр орталығында (ЖЭО) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда төрт қазан мен төрт турбинада жұмыс толық аяқталған. Сонымен қатар 13 шақырым жылу құбыры жаңартылып жатыр.
Соңғы екі жылда ауқымды жаңғырту жұмыстарының арқасында Риддердегі жылу электр орталығы «тәуекел аймағынан» шыққан. Алайда жабдықтарды жаңарту жалғасып жатыр. Биыл осы мақсатқа 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Қазандықтарды жөндеу жұмыстары Алтай, Глубокое, Күршім, Серебрянка және басқа да елді мекендерде қолға алынған. Көптеген нысанды тамыз-қыркүйек айларында іске қосу жоспарланып отыр.
Рауан Тұрысбек отын дайындау жұмысының да аса маңызды екенін атап өтті.
Роксана Глыбова