KZ
Өскемен
-13°
небольшой снег жел 6 м/с, З
514.74 599.36 6.71

Өскеменде мемлекеттік қолдауға ие экспорттаушы кәсіпорындардың жұмысы таныстырылды

14.08.2025, 09:00 319 Арайлым Орсаринова

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі баспасөз турын ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аймақтағы экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорындармен таныстырды. Іс-шара мемлекеттік қолдаудың нәтижелерін көрсетуге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Баспасөз туры барысында қатысушылар экспорт көлемін ұлғайту, шетелден жаңа сатып алушылар тарту, өндірісті жаңғырту, озық технологияларды енгізу және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыс істеп жатқан жергілікті кәсіпорындарды аралап, олардың даму жолы мен жетістіктерімен танысты.

Алғашқы нысан – Глубокое ауданындағы майлы дақылдарды өңдеу және өсімдік майын өндіру кәсіпорны. 2020 жылдан бері Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі бұл зауытқа қарызды ерікті сақтандыру арқылы қолдау көрсетіп келеді. Бұл – Қазақстанның Даму Банкі арқылы айналым қаражатын толықтыруға және импорттаушылар тарапынан төлемеу тәуекелін азайту мақсатында қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыруға мүмкіндік береді.

2025 жылдың мамырынан бастап кәсіпорын май-тоң май өнімдерін экспорттауға арналған Даму Банкі мен Экспорттық-кредиттік агенттіктің жаңа бірлескен бағдарламасының алғашқы қатысушысы атанды. Бағдарлама экспорт алдындағы қаржыландыру мен сақтандыру құралдарын ұсынады, бұл сыртқы нарықта тұрақты жұмыс істеуге жол ашады. Қазір зауытта жаңа рафинация және дезодорация цехтарының құрылысы жүріп жатыр, ол келесі жылдың басында аяқталады. Сондай-ақ, бөтелкелеу цехы да салынуда.

– Кәсіпорын тәулігіне 1 400 тонна күнбағыс майын өндіреді, қыркүйек соңына қарай бұл көлем 1 800 тоннаға жетеді. Дайын өнімнің 90%-ы негізінен Орталық Азия мен Қытайға экспортталады. Жаңа цехтар іске қосылғаннан кейін ішкі нарыққа да шығамыз. Мемлекеттік қолдау біз үшін үлкен мүмкіндік, – деді бас директордың орынбасары Павел Писаренко.

Келесі нысан – Қазақстан мен ТМД елдерінің тау-кен және металлургия салаларына машина жасау жабдықтары мен құралдар шығаратын зауыт. Бұл кәсіпорын шетелдік сатып алушымен шаршы қималы болат дайындамалары мен арматураны өндіру бойынша ірі экспорттық келісімге қол қойып, ЭКА-дан сақтандыру қорғанысын алды. Бұл төлемді кейінге қалдыруға, есептеулердің сенімділігін арттыруға және сыртқы сауда тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, зауыт сауданы қаржыландыру қызметін де пайдаланды.

Қазір өндірілген арматура Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей және Түрікменстанға экспортталады. Осылайша, кәсіпорын қайта өңделген, қосылған құны жоғары тауарлар шығарып, мемлекеттік өнеркәсіптік саясат басымдықтарын тиімді пайдаланып отыр.

Мұнда әлеуметтік жауапкершілік те назардан тыс қалмаған. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, жас мамандарды өндірістік жұмысқа тарту ісі жүргізілуде. Зауытта 35 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан темір балқыту цехының бастығы Мерғалым Нағашбаев бұл бағыттағы жұмысты ерекше атап өтті.

– Мен бұл зауытқа 1991 жылы политехті бітіріп келдім. Содан бері барлық қызмет сатыларынан өтіп, қазір цех бастығы болып жұмыс істеймін. Ай басында бізге қандай металл құю керектігі көрсетілген жоспар беріледі. Сол металлды құйып, өңдеп, тазалап, тапсырыс берушіге жібереміз. Қазір жастарды өндірістік жұмысқа тартып, білгенімізді үйретіп жүрміз, – деді ол.

Сапар соңында қатысушылар майлы дақылдарды қайта өңдеуге маманданған, толық циклді май экстракциялық зауытқа барды.

2020 жылдан бері Өскемен шарап зауыты аумағында тәулігіне 500 тонна тұқым өңдейтін өндіріс орнының құрылысы жүріп жатыр. 9,5 гектар аумақта орналасқан кәсіпорын жылына 75 мың тонна өсімдік майы мен 64 мың тонна жом шығара алады. Қалдықсыз технологиямен жабдықталған зауыт қыркүйек айының басында іске қосылады. Жобаның құны – 20 млрд теңгеден асады, 300-ден астам жұмыс орны ашылады.

– Аграрлық кредиттік корпорациядан несие алдық, ал Экспорттық-кредиттік агенттік бұл несиенің жартысын сақтандырып отыр. Тәулігіне 220 тонна шикі май және 120 тонна рафинацияланған май өндіреміз. Шикі майдың басым бөлігі экспортқа жіберіледі, қалғанын ішкі нарықта сатамыз. Шикізаттың негізгі бөлігі облысымыздан алынады, қажет болғанда Ресейдің Алтай өлкесінен де жеткізіледі, – деді зауыт директоры Нұржан Меджанов.

Агенттік 2023 жылдан бастап бұл кәсіпорынмен серіктестік орнатып, айналым қаражатын толықтыру үшін қарызды сақтандыру арқылы қолдау көрсетіп келеді. Өнім Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және басқа да елдерге экспортталады.

Мамандардың айтуынша, Шығыс Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары. Қазір облыста агенттік қолдауына ие 10-нан астам компания бар, өңдеуші кәсіпорындардың жартысы экспортқа бағытталған. 2025 жылы агенттік 80-нен астам экспорттаушыны қолдады, олардың 70%-ы шағын және орта бизнес. Экспорт негізінен азық-түлік, металл өнімдері, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу, агроөнеркәсіп және құрылыс материалдары салаларынан тұрады.

Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу