Ел Шығысында майлы дақылдардың өнімділігі өсіп, экспорт та ұлғаюда
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы экономика негізі болып саналады. Бұл саланың маңыздылығы мен жүзеге асырылған табысты жобаларына ШҚО әкімі Ермек Көшербаев "Ертіс концерт" залында өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына арналған кеңейтілген брифингте тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әкімнің айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту – өңірдің басты басымдықтарының бірі және бұл салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілуде. Биыл Шығыс Қазақстанда дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі 25%-ға артты. Бұл табыс өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру үшін маңызды факторға айналды. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты екі есе өсті: өткен жылғы 37,6%-дан биыл 65,5%-ға дейін.
Мәселен, Қытайда өткен халықаралық көрмеде 11 миллион доллар сомасына келісімшарт жасалды. Келісімдер өңірдегі үш ірі компания: «ВостокЭкоЛайн» ЖШС, «Сей-Нар» ЖШС және «Янтарь УК» ЖШС арасында жасалды.
Сонымен қатар, Самарқанд қаласында өткен «Қазақстан-Өзбекстан» 4-ші халықаралық ынтымақтастық форумының аясында тағы екі келісімшартқа қол қойылды. Олардың жалпы құны 12 миллион долларды құрады. Оның ішінде 10 миллион доллар – «Altyn Shyghys» ЖШС мен өзбекстандық «Pet Agro Oil» компаниясы арасындағы келісім, ал 2 миллион доллар – «OskemenAgroProduct» пен «TEXNO SERVIS SAM» компаниясы арасындағы келісімшарттың құны.
Шанхайда өткен 7-ші халықаралық импорт көрмесі де Шығыс Қазақстан үшін маңызды оқиға болды. B2B келіссөздерінің қорытындысы бойынша, өңір «Восток сельхоз продукт» жергілікті компаниясы мен ірі қытайлық корпорация арасында 3 миллион долларлық келісімшартқа қол жеткізді.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, осындай ірі халықаралық келісімдерге қол жеткізу облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып, өңір экономикасына инвестиция ағынын қамтамасыз етеді. Бұл Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін растап отыр.
Облыс әкімі қайта өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, өңірде өнімдерді өңдеу көлемін ұлғайту ауыл шаруашылығы тауарларының қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасын нығайтпақ.