ШҚО-да найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі
Шығыс Қазақстанда 15 тамыз күні ауа райы қолайсыз болады. «Қазгидромет» ШҚ филиалының мәліметінше, күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр жауып, бұршақ түседі, дауыл соғады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Түнде облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында найзағай, күндіз найзағай күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысып, облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде секундына 15-20 метр, екпіні 23-28 метрге дейін жетеді. Өңірдің оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Өскеменде найзағай, күндіз бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін барады.
Облыстық ТЖД тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады.
«Найзағай кезінде үйде болған дұрыс. Бұл ретте терезені, есіктерді, түтіндіктерді жабыңыз, электр құрылғыларын қуат көздерінен ажыратыңыз және пайдаланбаңыз. Металл қоршаулардың, төбелердің немесе басқа электр өткізгіштердің жанында тұрмаңыз. Желдің екпіні кезінде сымдар мен тербелетін заттарға жақындамаңыз, автобус аялдамаларының артына, ағаштардың астына тығылмаңыз», – деп ескертті ТЖД мамандары.
Сондай-ақ мамандар от жағуға, құрғақ шөп пен қамысты өртеуге, автокөліктен сөндірілмеген темекі тастауға тыйым салады. Саяжай аумағында алғашқы өрт сөндіру құралдары дайын болуға тиіс.
ТЖ туындаған жағдайда «112» бірыңғай құтқару қызметіне қоңырау шалу керек.