KZ
Өскемен
-8°
снег жел 4 м/с, З
514.74 599.36 6.71

Өскеменде әдемі видео үшін жол ережесін бұзған жүргізуші жауапқа тартылды

25.08.2025, 14:00 200 Төлеуғазы Жансая

 

Өскеменде көлік жүргізушісі әлеуметтік желіге әсерлі бейнеролик түсіру мақсатында жол жүру ережелерін бұзып, полиция назарына ілікті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода автокөлік иесі мемлекеттік тіркеу нөмірін шешіп алып, оның орнына өз тегі жазылған сәндік тақтайша орнатып, қала көшелерінде жүргені анық байқалған. Бұл әрекет көпшіліктің сынына ұшырап, құқық қорғау органдарының назарын аударды.

ШҚО Полиция департаменті жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар, тексеріс барысында ол көлікті басқару кезінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны да белгілі болды. Бұл үшін де бөлек айыппұл салынды.

Полиция өкілдері атап өткендей, мемлекеттік тіркеу нөмірлері заңда белгіленген тәртіппен ғана орнатылуға тиіс. Оларды жасыру, ауыстыру немесе сәндік тақтайшалармен алмастыру – заңға қайшы әрекет.

— Әрбір жүргізуші жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы қажет. Қауіпсіздік белдігін қолданбау – жазалау шарасынан бөлек, ең алдымен, өз өміріңіз бен жолаушылардың өміріне төнген қауіп, — деді ведомство өкілдері.

Полиция жолда жүрген әрбір азаматты жауапкершілікпен қарауға, ережелерді қатаң сақтауға шақырды.

Видео: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу