KZ
Өскемен
-27°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СШ
518.39 603.09 6.68

ШҚО, Риддер: Жаңа аурухана мен емхана – сапалы медицинаға қадам

1.09.2025, 11:50 378 Серік Құсанбаев

Риддер қаласында денсаулық сақтау жүйесі түбегейлі жаңарып келеді. Көптен күткен 200 орындық көпсалалы аурухана кешені мен 500 келушіге арналған емхана құрылысы жүріп жатыр. Құны 34,8 млрд теңгені құрайтын ауқымды жоба тұрғындарға дер кезінде, сапалы медициналық көмек көрсетуге жол ашпақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда емхана құрылысының 92%-ы аяқталса, стационардың жұмыстарының жартысы бітті. Азық-түлік блогы мен сыртқы инженерлік желілерде де жұмыстар 92% деңгейінде орындалған. Жоспар бойынша, барлық нысанның құрылысы биылғы жылдың соңына дейін толық бітуі керек.

– Риддерге заманауи медициналық кешен салу – тұрғындардың денсаулығы мен өмірінің сапасына бағытталған ұзақмерзімді инвестиция. Жаңа аурухана мен емхана өңірдегі медициналық қызметтің деңгейін жаңа сатыға көтеруге тиіс, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Медициналық құрал-жабдықтар да кезең-кезеңімен жаңаруда. Өткен жылы 16,1 млн теңгеге 43 бірлік жаңа техника сатып алынса, биыл тағы да заманауи құрылғылар алынбақ. Қазір қаладағы денсаулық сақтау нысандары қажетті жабдықтармен 80%-ға қамтылған.
Мәселе тек ғимарат пен техникада емес. Білікті дәрігерлердің тапшылығы сезіліп отыр. Қазірдің өзінде қалада 9 маманның орны бос тұр – арасында акушер-гинеколог, кардиолог, балалар невропатологы сынды күрделі сала дәрігерлері де бар. Бұл мәселені шешу үшін облыстан медицина қызметкерлерін Ресей, Германия, Түркия елдеріндегі үздік клиникаларға тәжірибе алмасуға жіберу қолға алынған. Өткен жылы ғана шетелде 44 маман біліктілігін арттырды, олардың екеуі Риддерден барған.

Жүрек-қан тамыр аурулары мен туберкулезден болатын өлім-жітімнің әлі де жоғары екені алаңдатуда. Әкім бұл көрсеткіштерді төмендету үшін нақты ұсыныстар әзірлеудің және қалаға қажетті дәрігерлерді тартудың маңыздылығын қадап айтты.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу