Көше бойындағы көркем туындылар: Өскемен муралдары
Соңғы жылдары Өскемен қаласында тұрғын үйлердің қабырғаларын муралмен безендіру сәнге айналуда. Көшелер бойында пайда болған ірі көлемді суреттер – тек көз тартарлық көркемдік қана емес, сонымен қатар елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухтың көрінісі. Бұл бастама Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, муралдар тәуелсіз Қазақстанның шежіресін көркем тілмен бейнелеуді мақсат еткен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қаланың түрлі аудандарында салынған муралдар – еліміздің тарихы мен мәдени құндылықтарын насихаттай отырып, Қазақстанның заманауи келбетін бейнелейтін шығармашылық жұмыстар. Бүгінде бұл көркем туындылар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлап, ұлттық сананы жаңғыртып, патриоттық рухты көтеруге өз үлесін қосуда.
Ерлік пен еңбек – ел жадының көркем шежіресі
Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған мурал – құтқарушылардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жанқиярлық еңбегін бейнелейтін көркем туынды. Әкімдік өкілдері бұл муралды «ел қауіпсіздігі үшін қажырлы қызметтің көркем символы» деп бағалайды.
Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қарапайым еңбек адамына деген құрмет қоғамда кеңінен көрініс тапты. Осы бастама шеңберінде Өскемен қаласында металлург бейнесіндегі мурал салынды. Бұл арт-нысан – өндіріс саласындағы қарапайым жұмысшының ел экономикасының іргетасын қаласып жүрген өлшеусіз еңбегін паш ететін символ.
Мурал – күнделікті тынымсыз, күйбең тіршілікке адалдық танытып жүрген өнеркәсіп мамандарына көрсетілген зор құрмет пен шынайы тағзымның көрінісі.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мұндай көркем туындылар – жастардың еңбекке деген көзқарасын қалыптастыруда маңызды идеологиялық рөл атқарады. Муралдар арқылы жастар еңбек адамының шынайы бет-бейнесін көріп, оларды бүгінгі күннің қаһарманы ретінде танып-білу арқылы, табандылық пен үлкен жауапкершіліктің құндылығын тереңірек ұғына түседі.
Ал Гагарин бульвары, 12 мекенжайы бойынша салынып жатқан жаңа муралда полиция қызметкері бейнеленген. Бұл көркем туынды –«ел қорғаны», қоғамдық тәртіп пен тыныштықтың сақшысы ретіндегі полицияның қоғамдағы рөлін айшықтап көрсетеді.
Қалалық әкімдіктің мәлімдеуінше, аталған мурал жастардың бойында патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, бұл шығармашылық жұмыс – құқық қорғау саласының мәртебесін көтеріп, тәртіп сақшыларына деген құрметті арттыруды көздейді.
Тарих пен ұлттық болмысты жаңғыртатын көркем символдар
Өскемен қаласының көше бойларында пайда болған жаңа муралдар – Тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен ұлттық болмысын көркемдік тілмен бейнелейтін ерекше туындылар. Олар өткен мен бүгінді сабақтастырып, ел руханиятының үзілмес жалғастығын насихаттайды.


