Күшті экономика үшін – кәсіби кадрлар: Шығыста экономикалық тергеулер кабинеті ашылды
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жаңа оқу кабинеті ашылды. Бұл – Экономикалық тергеулер қызметіне арналған арнайы кабинет. Ол «Құқықтану» кафедрасының базасында құрылып, студенттерді экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимылға тәжірибелік тұрғыдан даярлауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа кабинетте студенттер сотқа дейінгі тергеу әдістерін, заңсыз табыстарды анықтау жолдарын, қаржылық-экономикалық қылмыстарды тергеудің ерекшеліктерін меңгереді. Сабақтарды университет оқытушылары ғана емес, құқық қорғау органдарының тәжірибелі мамандары да жүргізетін болады. Курсты аяқтаған студенттерге арнайы сертификаттар табысталады.
Бұл жоба Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеулер департаментінің басшысы Арман Жүнісовтың қолдауымен жүзеге асты.
Университет қабырғасында кабинеттің ашылуы – құқықтық білім берудің тәжірибелік жағын күшейтіп, қаржы-құқықтық қауіпсіздік саласында заманауи талаптарға сай кәсіби мамандарды даярлауға бағытталған маңызды қадам.
Фото: С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті















