KZ
Өскемен
-39°
туман Штиль
512.16 594.72 6.57

Зейнетақы – уақытша пайда табу құралы емес, болашақтағы қаржылық қауіпсіздік кепілі

18.09.2025, 12:30 157 Төлеуғазы Жансая

Елімізде зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану құқығы енгізілгелі бері қоғамда үлкен қызығушылық туды. Әсіресе азаматтар баспана жағдайын жақсарту мен емделу шығындарын өтеуге басымдық беріп келді. Алайда соңғы уақытта бұл жүйеге қатысты күмәнді деректер қоғам назарын аударды: жалған медициналық қызмет көрсету арқылы қаражат алу оқиғалары көбейіп, тіпті ауқымды алаяқтық схемалары әшкереленуде. Мәселен, жақында Атырауда 20-дан астам жалған стоматологияның көмегімен 200 миллиард теңгеден астам қаржы заңсыз шешіліп, 226 дроппер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылғаны белгілі болды. 
Осыған байланысты Altainews.kz тілшісі “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Марат Сейтқалиевтен мағлұмат алды. 

«Отбасы банк» деректеріне сүйенсек, 2021 жылдан 2025 жылдың 20 тамызына дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек стоматологиялық қызметке ғана 795 424 транзакция жасалып, жалпы 757 млрд теңге жұмсалған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сәйкес, 222 млрд теңгеден астамы елдің ірі қалаларындағы ТОП-20 клиникаға аударылған. 

Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда стоматологиялық емге зейнетақы артығын пайдалану өтініштері қабылданбайды. Бұл шешімнің өзі-ақ қоғамда жиі айтылатын сұрақтардың жауабын беріп тұрғандай. 

Зейнетақы – уақытша қажеттілікті өтеу үшін емес, әр азаматтың қартайғандағы қаржылық қорғаны.
Білікті басшының айтуынша, 2021 жылдан 2025 жылдың тамызына дейін Шығыс өңірінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға 69 мыңнан астам өтініш қабылданып, 103,3 миллиард теңге мақсатты түрде аударылған. Ал емделуге 29 678 өтініш қанағаттандырылып, 28,4 миллиард теңге пайдаланылған.

Дегенмен, маман бір жайтты ерекше атап өтті: 2023 жылдың 1 шілдесінде күшіне енген Әлеуметтік кодекс бойынша жинақтың белгілі бір бөлігін тек төрт санаттағы азаматтар ғана пайдалана алады. Олар – жеткіліктілік шегінен асатын салымшылар, зейнет жасына жеткендер, аннуитеттік шарт жасағандар және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетке шыққандар.

– Зейнетақыны мерзімінен бұрын пайдалану болашақтағы табысты азайтады, өйткені жеткіліктілік шегі ең төменгі зейнетақы деңгейін ғана қамтамасыз етеді, – дейді Марат Сейтқалиев.

Қазақстанда бүгінде көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Оның мемлекеттік бөлігі – базалық және ынтымақты зейнетақы, ал жеке жинақтаушы шот әркімнің болашақ табысына қосымша тірек болып отыр. Базалық зейнетақының көлемі еңбек өтіліне байланысты өзгерсе, ынтымақты зейнетақы 1998 жылға дейін еңбек еткен азаматтарға тағайындалады.

Марат Сейтқалиевтің сөзінше, басты мәселе – әрбір салымшының өз жинағына ұқыпты қарауы.

– Зейнетақы – уақытша пайда табу құралы емес, болашақтағы тұрақты табыс пен қаржылық қауіпсіздіктің кепілі. Сондықтан оны тек заң аясында және нақты қажеттілік туған жағдайда ғана пайдалану маңызды. Әр азамат жинағын дұрыс қорғай білсе, зейнетақы – болашағының берік іргетасы болады, – дейді маман.

Жайна Сыранова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу