Қазақстанда зейнетақы жинағы есебінен тіс емдетуге тыйым салынды
gov.kz
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметке пайдалану мүмкіндігі тоқтатылды. Денсаулық сақтау министрлігі ірі көлемдегі алаяқтық схемаларға байланысты 2021 жылғы 15 ақпандағы «Емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа түзетулер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жобаға сәйкес, зейнетақы жинағын тіс протездеу мен имплантацияға бағыттауға рұқсат беретін норма алынып тасталды.
Министрлік мәліметінше, өтінімдерді талдау барысында азаматтардың қаражатын жалған схемалар арқылы бірқатар клиникалардың пайдасына жаппай шығару деректері әшкереленген. Осыған байланысты 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағы есебінен стоматологиялық қызметтерді қаржыландыруға жаңа өтінім қабылдау тоқтатылды.
«Отбасы банк» деректеріне сүйенсек, 2021 жылдан 2025 жылдың 20 тамызына дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек стоматологиялық қызметке ғана 795 424 транзакция жасалып, жалпы 757 млрд теңге жұмсалған. Оның 222 млрд теңгеден астамы елдің ірі қалаларындағы ТОП-20 клиникаға аударылған. Осы кезеңде банкке түскен 29 797 өтінімнің 88,3 пайызы стоматологияға қатысты болған.
Министрлік бұл өзгерістер зейнетақы жинақтарының медицина саласында мақсатты әрі ашық пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ведомство алдағы уақытта қаражатты пайдалану бағыттарына бақылауды күшейту қажеттігін жоққа шығармайды.
Дамир Омаров