KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, ОБ
514.31 603.03 6.4

Жастардың азаматтық жауапкершілігі артуда: ШҚО-да заңсыз граффитиге қарсы акция өтуде

24.09.2025, 14:30 208 Арайлым Орсаринова

Шығыс Қазақстанда жастар арасында есірткі жарнамасына қарсы бағытталған «Есірткіге жол жоқ!» атты кезекті рейд өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Апта сайын ұйымдастырылатын шара барысында қала көшелеріндегі, көпқабатты үйлердің қабырғаларындағы, аялдамалар мен қоршаулардағы есірткіге үгіттейтін жазулар боялып, жойылады. Акцияға полиция департаменті, облыстық прокуратура, жастар ресурстық орталығы, «Қазақстан студенттерінің Альянсы» және еріктілер белсенділік танытуда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама жастарды нашақорлықтан сақтандыруға, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған.

– Былтырдан бері 500-ден астам граффити-жарнама жойылды. Заңсыз Telegram арналары да анықталып, бұғатталуда. Бұл – Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру жолындағы нақты қадам, – деді ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков.

Акциялар облыс орталығымен қатар, аудан-қалаларда да өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі айтарлықтай артқан.

– Студенттер бұл шараға үлкен қызығушылықпен қатысып жүр. Рейдтермен қатар, оқу орындарында жастармен кездесулер ұйымдастырылып, нашақорлықтың зияны туралы кеңінен ақпарат берілуде, – деді «Қазақстан студенттерінің Альянсы» өңірлік филиалының төрағасы Ляйля Төлеубекова.

Акцияға қатысушылар заң бойынша есірткі заттарын насихаттауға қатаң тыйым салынғанын еске салды. ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес, мұндай әрекеттер үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Сондықтан қарапайым көрінетін қабырғадағы жазудың өзі ауыр қылмысқа жатуы мүмкін.

Осыны ескеріп, әрбір азамат, әсіресе жастар, мұндай жазуларға бейжай қарамай, оларды көрген жағдайда құқық қорғау органдарына немесе коммуналдық қызметке хабарласуы қажет. Себебі есірткіні насихаттау – тек заң бұзу ғана емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет.


Фото: Александр Шушеньков
Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу