KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 6 м/с, З
504.6 594.27 6.48

«Қарасора – 2025»: ШҚО-да бір айда 20 келіден астам есірткі тәркіленді

9.07.2025, 19:30 291 Ержан Әбіш

1 маусым мен 31 қазан аралығында Шығыс Қазақстан облысында есірткінің заңсыз айналымымен күреске бағытталған «Қарасора – 2025» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Аталған іс-шара аяқталуына әлі төрт айдай уақыт бар болса да, тәртіп сақшылары алғашқы нәтижелерімен бөлісіп үлгерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дәулет Жұмаділовтің айтуынша, операцияның басты мақсаты – есірткіні заңсыз тасымалдауды тоқтату, құрамында есірткі бар өсімдіктерді жою, есірткі таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу.

– Операция басталғалы бері 40-тан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталып, 20 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді. Есірткі сатқан адамдар ұсталды. Заңсыз айналымнан мефедрон және альфа-ПВП секілді психобелсенді заттар алынды, – деді Дәулет Жұмаділов.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жүріп жатыр. Сонымен қатар полицейлер тыйым салынған заттар өсірілген 4 фитозертхананы анықтап, жойды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы аясында жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында өңірде кешенді шаралар қолға алынған.

Жалпы, 71 мыңнан астам адамды қамтыған 300-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді.

26 мамыр мен 26 маусым аралығында БҰҰ-ның Есірткіге қарсы күрес күніне орай өңірде арнайы алдын алу айлығы өтті. Бұл кезеңде 48 іс-шара ұйымдастырылып, жастардың белсенділігіне ерекше назар аударылды. 26 маусым күні өткен халықаралық акция аясында 10 мыңнан астам адам қатысқан ауқымды шаралар – флешмоб, байкерлер мотошеруі, би батлдары, спорттық жарыстар және жұлдыздар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен Арбаттағы концерт өтті.

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу