KZ
Өскемен
-13°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

Пол Гордон Эмерсон: Бишілердің жүзінен еш уақытта мұң байқалмайды. Неге?

18.11.2019, 08:50 293

Шығысқа Пол Гордон Эмерсон келді. Бұл кісінің кім екенін біліп отырған да шығарсыз. Білмесеңіз айтайын, ол «The New York Times»,  «International Herald Tribune» сынды басылымдарда қызмет еткен. Оның суреттері «Washington Post», Dance Magazine беттерінде жарияланған. Бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы бір сырлы АҚШ хореографы.

Өскеменге келген сапарында әйгілі журналист, фотограф әрі хореограф шаһар тұрғындары мен меймандарының назарына би шоуын ұсынды.

Сәлеметсіз бе,  Пол Гордон Эмерсон! Бұл сіздің Өскеменге алғаш келуіңіз бе?

-        Алғаш рет мен Өскеменге 2017 жылы келген болатынмын. Маған бұл қала ұнайды. Сол кезде мен өзіме көрікті қаланы көруге тағы да келемін деп уәде берген едім. Міне араға екі жыл салып, Шығысқа екінші мәрте келдім.

Бүгінгі шоу несімен ерекше? Жиылған қауымды қандай қойылымдармен таңқалдырасыз?

-        Бүгінгі шоу бұрынғылардан өзгерек.  Ерекшелік тек би қойылымдарында емес, «Company E» балет тобы мен Қазақстанның «Samruk» заманауи би театрының бірлесіп жұмыс істеуінде де болып тұр. Бүгінгі қойылымдарды тамашалай отырып, көрермен өзін табады. Өзінің кейбір әрекеттеріне ойланады.

Бұл стильде бишілер неге жалаңаяқ билейді?

-        Өте орынды сұрақ. Себебі көпшілік бұл туралы білмейді. Мәселен балетте пуанты киеді. Олар әдемі болып көрінгенімен бишілерді сахнадан алшақтадады. Ал бұл стильде өнер көрсететін бишілерде «жерден күш аламыз» деген сенім бар. Сіз үйге келгенде бірден аяқ киіміңізді шешесіз, өйткені солай өзіңізді жеңіл сезінесіз. Биде де дәл солай. Яғни жермен барынша байланысқа түсу, одан энергия алу.

Жақсы биші болу үшін не істеу қажет? Кейбір адамдар "биге икемім жоқ" деп жатады. Осы қорқыныштан қалай арылуға болады?

-        Адам бәрінен бұрын өзінің ойларынан қорқуы қажет. Адам билегенде өзін бақытты сезінеді. Сол себепті менің икемім келмейді деп өзіңе шектеу қойып, ұялуға болмайды. Би қимылдары сәтсіз шықса, қайталай беру керек. Бір орында тоқтап қалуға болмайды. Мен сізге бір факт айтайын. Бишілердің жүзінен еш уақытта мұң байқалмайды. Неге? Себебі, би бақыттың кілті іспетті.

Сіздің журналистика саласында біраз жыл қызмет еткеніңізді білеміз. Өз арнаңызды хореографияға бұрып, осындай тың туындыларды тудырудағы сырыңыз неде?

-        Қандай да бір салада жетістікке жету үшін адам оған бүкіл махаббаты мен жан-дүниесін салуы қажет. Бастысы жүрегіңді тыңда, нәтижесі қалай болады деп бас қатырма. Ең басты қағида – біреуді қайталаудан аулақ бол. Суретке түсірсең де, ән айтсаң да, газет оқып, аспанға қарасаң да барлығын шын көңілмен жасау керек.

Бүгінгі қазақ бишілері «Контемпори» стилінде қалай билеп жүр?

- Менің Қазақстанға келіп жүргеніме тоғыз жылдай уақыт болды. Келген сайын, қазақ бишілері мені таңғалдырады. Олардың икемділігі, биді түсінуі барлығы жоғары дәрежеде. Қазақстанда адам саны айтарлықтай көп емес, бірақ соған қарамастан бишілері өте көп. Соңғы бес жылда Қазақстанның «Samruk» заманауи би театрынан екі биші АҚШ-та өнер көрсеткен болатын. Бишілердің биге деген құрметі, оны түсінуі, жеткізуі бәрі-бәрі керемет.

Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу