Жаңадан қосылған ойыншылар кейде тактиканы өзгертіп жатады – Кристина Аниконова
Өскеменде әйелдер волейбол командаларының арасында республика кубогі өтіп жатыр. Оған жергілікті «Алтай», «Алтай 2» командалары қатысуда. Жуықта «Алтайдың» орталық блоктаушы Кристина Аниконовамен ойынның қалай өтіп жатқаны жайында аз-кем әңгімелескен едік.
- Кристина, турнир команда үшін сәтті басталды ма? Басты қарсылас – «Жетісу» туралы не айтасыз?
- Турнир сәтті басталды деп есептеймін. Жеңіске жету оңай болмасы анық, десе де күтеріміз көп. «Жетісу» да, одан өзге кез келген команда да бар күшін салары хақ. Оның үстіне біз соңғы төрт жыл қатарынан чемпион атанып келе жатқан командамыз, сондықтан әрқайсысының бізге қарсы жоспар құрып келгені белгілі. Тіпті соңғы орындардағы, аутсайдер саналған командалардың өзі үлкен мақсатпен келіп отыр.
- Турнирге дайындық туралы айта кетсеңіз.
- Ел кубогінің турнирі – жаңа маусымның бастамасы. Негізгі құрамдағы ойыншылар бір-бірін жақсы біледі. Дегенмен, жаңадан қосылған ойыншылар кейде тактиканы өзгертіп жатады. Ойында ағаттық жіберген тұстарымызды жаттығу кезінде жоюға тырысамыз.
- Қарсылас командаларда қандай мықты ойыншыларды білесіз?
- Біз қарсылас командалардағы барлық ойыншыларды білеміз. Кәсіби этика деген болады. Әр ойыншыға құрметпен қараймыз. Жалпы әр ойыншы өзін мықтымын деп санайды.
- Көптеген ойыншылар құрамада өзін көрсетіп, алға шығуға тырысып жатады. Осындай фактордан команда құрамында бәсекелестік бар ма?
- Біздің арамызда бәсекелестік деген жоқ. Біз командамыз. Мақсатымыз ортақ. Бапкер негізгі құраманы ойын алаңына шығарғанда, кейде кейбір ойыншылар жақсы ойын көрсете алмай жатады. Ондай сәтсіз сәттер болып тұрады. Сол кезде алаңға ойыншыны ауыстыратын басқа ойыншы шығып, жақсы ойын көрсетіп көмектеседі.
- Легионерлер қаншалықты өздерін көрсете алуда? Жергілікті ойыншылармен достық қарым-қатынас орната алды ма?
- Легионер қыздар келе салысымен достық қарым-қатынас орната алды. Даница Раденкович – байланыстырушы позициясында, Ребекка Перри – шабуылшы позициясында ойнайды. Командамен бірге екендерін көрсетіп, жеңіске жетуге өз үлестерін қосып, шамалары келгенше тырысып бағуда. Олардан үйренетін тұстарымыз да бар. Жаңа ойыншылармен алаңда ғана емес жай күндері де кездесіп араласамыз.
- Алдағы матчқа қандай болжамыңыз бар?
- Әр команда осы Кубокты жеңіп алу үшін алаңға шығып, бағын сынауда. Біз қолымыздан келгенше тырысып бағудамыз. Бәрі уақыттың еншісінде.
- Жаңа бапкер Лука Кьяппини туралы бірер сөз...
- Бапкер мен команда арасында ешқандай қиындық жоқ. Ортақ тіл тауып, жұмыс істесіп кеттік. Жаңа бапкермен жаңа әрі қызықты дүниелерді танып білудеміз.
Естеріңізге сала кетейік, Кристина Аниконова Өскемен қаласындағы жергілікті волейбол мектебінен шыққан шәкірт. «Алтай» волейбол клубында 2015 жылдан бастап ойнап келеді.